Шымкенттегі топырақ жолдарға шағал тас төселмейтін болды

527

Шымкенттегі топырақ жолға шағал тас төсеу жұмыстары уақытша тоқтады. Бұған топырақ жолды жоюға уәде еткен әкімнің кетуі емес, қаржының бей-берекет шашылуы себеп болыпты. Мамандардың айтуынша, келесі жұмыс сәулетшілер бас жоспарға сай белгілеп берген көшелерде ғана жүргізіледі.

Қарашаның өтініші бойынша, биыл топырақ жол түбегейлі жойылып, тас төселе бастаған еді. Ол үшін қалалық бюджеттен 559 млн. теңге қаралып, ерте көктемде жұмыс басталып та кеткен. Мердігерлер 202 шақырым топырақ жолға шағал төсеп те үлгеріпті. Қалған бөлігіндегі жұмыс тоқтап тұр.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары: «Бас жоспарға сай ақшаны екі мәрте шығындамай жоба бойынша төсейміз деп шештік».

Әкімдіктің бұл шешімін халық қалаулылары да қолдады. Олар да тұрғындары толық қоныстанбаған көшелердің көп екенін айтып отыр. Оның үстіне қаланың егжей-тегжейлі жобасына сай өзгеріске ұшырайтын аумақтары да бар. Енді сәулетшілер болашағы бар деп берген көшелер ғана көркейтіледі.

Қаладағы топырақ жолдың 70 пайызына шағал төселіп, тұрғындардың арманы орындалды. Тақтайдай тегіс асфальт болмаса да, осыған шүкіршілік етіп отыр. Енді қалған 336 млн. теңге қаражат бөлінсе, Шымкент тұрғындары батпаққа батпайтын болады.

Нұрлан Күдерұлы