«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары марапатталды

486
Фото 24.kz

Түркістан қаласында «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары анықталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасында іскер азаматтарды туған өлкені түлетіп, өңір өмірін жақсартуға атсалысуға шақырған болатын.

Дүйім елдің рухын жанып, туған жеріне деген патриоттық сезімін оятқан құнды жобаның нәтижесін бүгінде ел көріп отыр. Осы жоба аясында туып-өскен ауылында ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, көпбалалы отбасылар мен ата-ана қарауынсыз қалған жетім балаларға көмек қолын созып, қайырымдылық жасап жүрген жандар аз емес. Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиында бірқатар азамат «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды 24.kz.

Оларға «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», және «Ерен еріктілік» аталымы бойынша құрмет көрсетіліп, қала әкімінің алғыс хаты тапсырылды.

Еркінбай Шалтан, қайырымдылық қор төрағасы: “Мұндай марапаттар басқа да жастарға, қоғамдағы басқа әлеуметтік жағдайларды көрсету үшін маңызды болып отыр. Шәкәрім атамыз айтқан екен: «Адамдық борыш ар үшін, барша адамзат қамы үшін, серт бергем еңбек етем деп, сертіме жету арманым, толтырар кемін, қалғанын», – деп. Жас ұрпаққа осындай үлгі-өнеге іс жасап жатсақ, нұр үстіне нұр”.