30 жыл бойы тұрақтылық пен сенімділікті серік еткен

514

Қазақстандағы ірі қаржылық институттардың бірі «Банк центркредиттің» құрылғанына биыл 30 жыл. Тарихы 1988 жылдан бастау алатын банк аумалы төкпелі кезеңдерден өтіп, бүгінде елімізде ғана емес бүкіл ТМД елдері арасында тұрақты, сенімді банк екендігін дәлелдей білді. «Банк центркредит» АҚ Шымкент филиалы мерейтойды өз деңгейінде атап өтті.

Тәуелсіз елдің тұңғыш коммерциялық банктерінің бірі БЦК бүгінде 100-ден аса бөлімдері мен 18 филиалы бар ірі, аяғында нық тұрған қаржы институты. Сенімділік пен тұрақтылықты басты қағида еткен банк мерейтойына серіктестер мен клиенттер ғана емес, қаржы әлеміндегі әріптестері де қадірлі қонақ болды.

Әнуар Ботанбеков, ҚР Ұлттық Банкінің Түркістан облысы филиалының директоры: «БЦК 30 жыл ішінде клиенттер үшін ең сенімді банк екендігін дәлелдеп келеді. «7-20-25″ бағдарламасы аясында да ең бірінші екінші деңгейлі банктер арасында займ үлесін анықтай білген банк…».

БЦК мерейтой қарсаңында әлеуметтік желіде «30 жыл бұрын» деген атпен фотобайқау ұйымдастырған болатын. Бүгінгі мерекелік салтанатта онлайн жүйесімен анықталған жеңімпаз марапатқа ие болды. Жыл сайын банк қызметкерлері футболдан арнайы турнир өткізіп тұрады. Биыл мерейтой құрметіне турнир ауқымы кеңейіп, федерация қарамағындағы жас талантты футболшылар да қатысты. Мерейтой салтанатында жеңімпаз жас футболшыларға «Әлем Чемпионаты-2018″ лицензиялы добы мен арнайы форма табыс етілді.

Жас футболшы: » Мен қаладағы №89 мектепте оқимын. Футболмен 4 жылдан бері, яғни 10 жасымнан кәсіби түрде айналысып келемін. Бүгін бізге үлкен сенім артылып, қошемет көрсетіліп жатыр. БЦК банкіне рақметімді айтқым келеді. Жеңіс көп болсын».

БЦК 30 жыл барысында мықты, сенімді қаржылық ұйым екендігін дәлелдеп қана қоймай, тұрақты, ірі серіктестер қатарын арттыра білді. Бизнесін бастарда алғаш несие алып, БЦК – мен бірге белестерді бағындырған кәсіпкерлердің де бүгінгі мерейтойда айтар алғысы, ақтарар тілегі көп.

Мұрат Тағаев,  «Ордабасы құс» ЖШС-нің президенті: «Біздің компанияның құрылғанына 10 жыл. Осы он жыл ішінде біз «Банк ЦентрКредит» АҚ – мен бірге өсіп, өркендеп келеміз. Отыз жыл сенім мен тұрақтылықтың белгісі. Әрі қарай да бизнес бастауларымыз берекелі болып, бірлесіп талай белестерді бағындыратынымызға сенімдіміз».

БЦК қызметкерлері өз арасында да, клиенттермен жұмыс барысында да ең алдымен кішіпейілділік пен ақ ниеттілікті басты ұстаным етеді. Сондықтан да банкке сенім артар клиенттердің қатары жыл санап емес, күн санап көбейіп келеді. Сондай-ақ, банкте клиенттер үшін барлық жағдай жасалған. Сенімді, қуатты қаржылық ұйым үшін бұл басты бағыт дейді банк басшылығы.

Тимур Ишмуратов, «Банк центркредит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: «БЦК мерейтойы қарсаңында Қазақстанның ірі қалаларында мерейтойлық тур ұйымдастырдық. Әр қалада аспанға әуе шары ұшырылды. Бұл асқақ арман мен биік мақсаттың белгісі. Банк қызметкерлері мен клиенттерді осынау атаулы мереке 30 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын».

Банктік қызмет көрсету сапасын жақсартуға аса мән беріп, әрбір клиент үшін сенімді серіктес болуды басты мақсат еткен БЦК – тің алар асулары әлі де алда. 30 жылдық тарихы бар банк клиенттерімен мәңгі бірге. Бірге болашақтың нұрлы болатынына сенімді.

Жанар Есенбекова