Елімізде халықаралық туризм және қонақжайлық университеті ашылмақ

450

Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласына тиесілі екен. Яғни ел экономикасын дамытып, халықты жұмыспен қамтуда туризмнің ықпалы зор, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде дамыған мемлекеттерде осы саланың табысы -мұнай экспорты мен көлік саудасынан түсетін пайдамен пара-пар. Мәселен, 2017 жылы жаһанда 1 миллиард 300 миллион адам саяхатқа шығып, 1,2 триллион доллар ақша жұмсаған. Мұның ішінде – Қазақстанның да үлесі бар. Бірақ, әзірге өте аз көлемде. Осы олқылықтың орнын толтырып, туризмнің тамырына қан жүгірту үшін жауапты министрлік 2023 жылға дейін жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспарын құрғанын айттық. Соның бір саласы –туристік орындарды айқындау. Ондағы инфрақұрылымды дамыту.

Қазір 10 туристік орын таңдалды. Олар – оңтүстік-шығыстағы Балқаш пен Алакөл жағалаулары. Шарын көлінен 154 шақырым қашықтықты бойлай жатқан Шарын шатқалы. Алматы облысындағы тау кластері. Түркілердің бесігі – Түркістан өңірі. Нұра өзенінің алабындағы тұзды көл – Ащысор туристік аймағы, Көкшетаудағы – Бурабай. Имантау-Шалқар курорттық аймағы. Сосын Баянауыл бар. Ең соңғысы – Көшпелілер тарихи орталығы. Бұл өңірлер дамыса, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосары сөзсіз.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Туристік қартада көрсетілген жерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жобалардың 70%-ы – жеке инвесторлардың қаржысына салынады деген үміт бар. 30%-ына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Егер жоспарымыз ойдағыдай іске асатын болса, отандық және шетелден келген туристердің саны 4,2 есе артады. 60 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, 6 миллиард доллар инвестиция тартылады. Бұл жалпы қосылған кұнға жылына 6 жарым миллиард доллар кіріс әкеледі».

Туризмді дамытудың тағы бір тиімді тұсы – білікті маман даярлау. Осы мақсатта Елордада Туризм және қонақжайлық халықаралық университеті ашылмақ. Мұндағы оқыту жүйесіне әлемдегі ең үздік Зальцбург, АҚШ, Араб Әмірлігі мен Швейцария сынды елдердегі университеттердің тәжірибелері енгізіледі. Ал түлектеріне халықаралық дәрежедегі диплом беріледі.