Енді шымкенттіктер кәріс тілін меңгеретін болды. Дәлірегі, бүгін шаһарымыздағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің қабырғасында аталған тілді үйрететін жаңа оқу орталығы ашылды.
«Седжонг» деп аталады. Білім ұйымының ашылу салтанатына Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсиктің өзі келіп қатысты. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореядағы Санменг Университетінің Президенті Пэк Унг Ги мырза мен арнайы делегация да ресми жиында сөз алып, бұл жобаның тиімділігін таныстырды. Айтуларынша, бұл орталықта тек Кореядан келген падагогтар жұмыс жасайды. Дәріс беріп, кәріс тілін үйретіп, мәдениеті мен дәстүрін дәріптейді. Және жаңа жобаны — Корея мемлекетінің өзі қаржыландырмақ.
Дэсик КИМ, Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі: «Оқу мерзімі — 1 жылды құрайды. Түлектің қолына тіл меңгергенін растайтын құжат беріледі. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің студенттері үшін мұнда білім алу — тегін. Ал өзге де тіл үренуге құлықты қала тұрғындары мен қонақтары үшін ақылы. Бірақ , бағасы қымбат емес, тиісті талапқа сай, қалтаға қонымды болмақ.
Сондай-ақ, бұл жоба арқылы біз осы Шымкенттегі ірі ауқымды жобаларға инвестор тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшінші мегаполистегі экономика саласының дамуына өзіндік үлесін қосады».
Мөлдір Бекеева