Түркістан облысының полицейлері автокөлік ұрлауға әрекеттенген азаматты ұстады

297

Сарыағаш АІІБ полицейлері Түркістан облысы Сарыағаш қ. тұрғынының автокөлігін ұрауға әрекеттенген күдіктіні «ізін суытпай» ұстаған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2,5 миллион теңгені құраған.

2018 жылғы 6 қыркүйекке қараған түні жедел-профилактикалық іс-шара кезінде Сарыағаш АІІБ полиция қызметкерлері «ВАЗ» автокөлігін ұрауға әрекеттенген азаматты ұстаған. Ұсталған азамат бұрын бірнеше рет сотты болған Шымкент қ. тұрғыны болып шықты, полицейлер көлікті ашуға арналған құралдарын тәркілеп алған.

Күдіктінің Сарыағаш қ. жасалған тағы бір көлік ұрлығына қатысы бары анықталған. Ағымдағы жылдың тамыз айында күдікті азамат жергілікті тұрғыннан құны миллион теңгеден асатын «ВАЗ» автокөлігін ұрлаған.
Қазіргі таңда автокөлік ұрлығы жайттары бойынша ҚР ҚК «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты заттар тәркіленіп алынды. Күдікті қамауда. Тергеу жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік ұрлығының құрбанына айналмас үшін көлік иелеріне сақтық шараларын мұқият орындау керектігін ескертеді. Кілтті оталдыру тетігінде қалдырмай, есік пен жүксалғышты жабық, ал көлікте күзет дабылы орнатылуы керек. Салонда құжат, ақша және басқа да бағалы заттарды тастап кетпеңіз және күзетілетін тұраққа қалдырыңыз.

Егер де Сіз, осындай қылмыстың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефон нөмірі арқылы хабар беріңіз.

Түркістан облысы ІІД Баспасөз қызметі