Туризмді дамытуға арналған жаңа жобалар іске қосылды

346
Фото inform.kz

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қазақстан аңыздары» және «Туризмдегі тұлғалар» атты жаңа жобаларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүниежүзілік туризм күніне орай www.atameken.kz сайтында «Legends of Kazakhstan» және «Туризмдегі тұлғалар» жобалары іске қосылды. «Жоба еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 250 аңыз бен дастанды біріктіріп отыр. Бұл- халық ауыз әдебиеті, аңыздар және табиғат ескерткіштері мен тарихи оқиғалар, этимологиялық аңыздар мен киелі орындар жайында кең ақпарат. Жоба алдағы уақытта суреттермен және жаңа нысандармен толықтырылып отыратын болады», – деді ҰКП-ның Туризм департаментінің директоры Қарлығаш Әлтаева.

Сайтта барлық материалдар ашық қолданыста берілген. Оларды туризм саласының барлық қатысушылары Қазақстанның туристік өнімдерін насихаттау мен тарату мақсатында қажетінше пайдалана алады. Ал «Туризмдегі тұлғалар» жобасы Қазақстандағы осы нарықтың кәсіби ойыншыларын анықтауға және сала қатысушыларының ақпаратпен қамтылуын арттыруға бағытталған. Бұл айдарда еліміздің барлық өңірінен туристік фирма жетекшілері, қонақүй менеджерлері, табысты мейрамхана иелері, экскурсия гидтері, белсенді қоғам қайраткерлері және саланың дамуына үлес қосқан басқа да кәсіби мамандар туралы ақпарат бар.

Айта кетейік, бұл жоба жоғарыда аталған бастамалармен шектелмей, үнемі жаңа есімдермен және жүзеге асатын басқа да жобалармен толығып отырады. Сонымен қатар туристерге ыңғайлы болу үшін «Турист күнтізбесі» жарияланды. Онда Қазақстанда өтетін ірі іс-шаралардың күні белгіленген.