Америкадағы үздік қазақ дәрігері Шымкентте дәрігерлермен бірлесіп күрделі ота жасады. АҚШ-тан келген профессор Жолдас Күлжанов жергілікті хирургтармен бірігіп №1 қалалық клиникалық аурухана базасында жарақаттан сау-тамтығы қалмаған ағзаны қайта қалпына келтіру бойынша күрделі оталар жасады.
Жолдас Құлжанов, АҚШ-тың Миссури штаты Сент-Луис қаласындағы университеттік емхананың ортопедия департаментінің басшысы: «Ертең тағы да мұндағы мамандармен бірігіп күрделі оталар жасаймыз. Мұндағы мамандарға әрі шеберлік сабағын өткіземін. Шымкент қалалық денсаулық сақтау бақармасымен іскерлік байланысымыз одан әрі жалғасады деп ойлаймын. Ең бастысы бұл келісім мамандардың біліктілігін арттыруда зор септігін тигізеді деп ойлаймын».
Өзге елде біліктілігін көрсете білген қазақ дәрігері мен Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы және Оңтүстік Медицина академиясы үш жақты келісімге қол қойды. Меморандум аясында ауыр жарақаттарды емдеу мен қалпына келтіру жөніндегі медициналық жұмыстар бірлесіп іске аспақ.
Айта кетейік, Жолдас Күлжанов 30 қазанға дейін іс — сапар аясында жергілікті мамандарға шеберлік сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ, үш күн бойы сүйектердің зақымдануынан зардап шегіп жүрген қала тұрғындарына және ауруханада емделіп жатқан пациенттерге тегін кеңес бермек.
Ең бастысы Халықаралық интеграция аясында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен АҚШ-тағы ортопедиялық госпитальдің жетекшісі Жолдас Күлжанов өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қояды.
Мұнда тараптар өз қарым-қатынастары кең құқықтық және өзара тиімділік негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нығайтатыны және дамытатыны көрсетілген. Осыған орай, олар ауыр аралас жарақаттарды емдеу мен қалпына келтіру жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін жүзеге асырмақ.
Бұл үшін тараптар жұмысшы топтарын құрып, ынтымақтастық тетігін әзірлеу және оны одан әрі жетілдіру мен дамыту жөнінде үйлестіруші органдар құру туралы ұйғарымға келіп отыр. Бұл тұрғыда ақпарат алмасу мәселелеріне басымдық берілген.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жол-көлік апаттарының салдарынан 3 мыңға жуық адам қайтыс болады. 25 мың адам әртүрлі дене жарақатын алады. Ал мың адам арбаға таңылып, мүгедек болады. Дене жарақатын алғандарға дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, емдеу жұмыстарының сапасын арттырса, жарақат алғандардың жағдайын жақсартып, мүгедектіктен арылтуға болады. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы травматологиялық-ортопедиялық бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтпек.
АҚШ-тан келген профессор Жолдас Күлжановтың қатысуымен өтетін халықаралық тәжірбие алмасу жұмыстарының негізгі мақсаты да осы.
Айта кетейік, Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың жарақат бөлімінде жылына 1800-2000 мыңға жуық азамат түседі. Олардың басым бөлігіне операция жасалады. Нақтырақ айтқанда, жылына түрлі дене жарақатымен түскен 1500 науқасқа дәрігерлер ота жасайды. Сондай-ақ, бөлімшеде соңғы он жылдан бері жаңа технологиялық әдістермен сүйек және буындарға ота жасау, соның ішінде жасанды буын алмастыру отасы қарқынды түрде жасалынады.
Лаура Нақыпқызы