Баспасөзге жазылып, сыйлықтарға кенелетін күн! 9 қазан — Дүниежүзілік пошта күні. Осы күні жыл сайын облысымыздағы «Қазпошта» АҚ-ның ұжымы баспасөз бен оқырман арасындағы байланысты нығайту мақсатында, басылымға жазылу шарасын ұйымдастырады.
Дәстүрге айналған жазылу күніне «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттерінің ұжымдары да белсене қатысып, өз оқырмандарымен жүздесті. Ал олардың қатары аз болған жоқ.
«Бүгінде ешкім газет оқымайды» дейтіндер қателеседі! «Қазпошта» АҚ ұйымдастыруымен өткен баспасөзге жазылу күніне келген көпшілік – сөзіміздің растығын дәлелдеді.
Келушілердің дені егде жастағы жандар. Көпшілігі сүйікті газеттері — «Оңтүстік Рабат», «Рабатқа» жазылу үшін арнайы келген. Мұны естіп біз де қуандық.
«Оңтүстік рабат» газетінің тұрақты оқырманы Пернебек Сәрсенбай бұл жолы да ортадан табылды. «Азат» шағынауданының тұрғыны ақсақал газет ұжымына алғысын айтуға келіпті. Халықтың көзі, құлағы болған басылымды 6 жыл бойы оқып, өңір ақпараттарын жылдам және анық біліп отыратынына қуанышты.
Қос газеттің ұжымы да өз оқырмандарын құр қол жібермеді. Әр оқырман, жаңа жазылушы мен қала қонақтарына сыйлықтар берілді. Дәлірегі, «Ладушки» кондитерлік дүкендер желісі, Дәрігер Мауриньштың флебология және лазерлік медицина клиникасы, «Барф» сауда белгісімен өнім шығаратын «Шведказ» компаниясы, «Зерде-Фито», «Визит» акционерлік қоғамы сияқты біздің серіктестеріміз бұл күнді нағыз мерекеге айналдырды. Келушілерге өз өнімдерін сыйға тартты.
Сондай-ақ, оқырмандар газет тілшілерімен тілдесіп, ұсыныстарын да білдіріп жатты. Бір қынжылтатыны, басылымдарға жазылушылардың арасында жастар жоқ.
Айжан Ермекқызы,«Оңтүстік Рабат» газетінің жауапты хатшысы:
«Бір әттеген-айы, жазылушыларымыздың ішінде жастар жоқ. Келесі жылы келіп, жазылса жақсы ғой. Жастар – болашағымыз. Күні кеше Елбасы да жастарға тағы да басымдылық беріп отыр, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жас толқын бір сәтке смартфон, ғаламтордан бас тартып, рухани азық алуға мүмкіндік беретін газетке жазылса, нұр үстіне нұр болар еді».
Қазақстандық поштаға биыл — 25 жыл! Мерейтойға орай басылымға жазылған кез- келген оқырман «Қазпошта» ұйымдастырған лотореяның заңды қатысушысына айналды.
Ұтыстар ойнатылды. Жалпы, түске дейін жалғасқан науқан нәтижесі бойынша «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттеріне 100-ден аса оқырман жазылды.
«Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттеріне жазылу бір күнмен шектелмейді. Сүйікті басылымдарыңызға кез -келген уақытта газеттің редакциясына барып жазыла аласыз. Ендеше жаңалықтардан жылдам хабар алып, шынайы оқиғаға негізделген мақалаларға қанық болғыңыз келсе, асығыңыз!
Әлия Әділбек