Нигериялық екі азамат шартты түрде түрмеден босатылды

325

АҚШ ақшасын қолдан жасап, қазақстандықтарды алдамақ болғандар түрмеден шартты түрде босатылды. Былтыр алаяқтығы үшін сотты болған екі нигериялық азамат биыл Шымкенттің әлеуметтік оңалту орталығының тұрғыны атанды.

Шартты түрде бостандыққа шыққан шетелдіктердің Отанына қайтуға құқы жоқ. Сондықтан да Шымкенттегі әлеуметтік оңалту орталығына орналастырылған. Африка құрлығынан келген қонақтар мұнда жергілікті тұрғындармен тіл табысып, менталитетіміздің ерекшеліктерін зерделеп те үлгеріпті.

Обах Жозефт, нигриялық азамат, жазасын өтеуші: «Қазір қазақшаны бір кісідей үйреніп алдым. Жұмыс іздеп, нан сұрап алатындай деңгейде ауызекі қазақша сөйлесе аламын. Бар ойым Нигерияға кету. Онда әйелім бар, бала шағам күтіп отыр. Жазамның қалған бөлігін сонда өтесем деймін».

Нигерияның екі азаматы бір жыл бұрын жалған ақша жасап түрмеге түскен.  Бұл кәсіптеріне шымкенттік кәсіпкерді үйретіп, тәсілдерін тіпті көрсетіп те берген. Тек кәсіпкер бұл ойынан айнып, бірден құқық қорғау органдарына арызданады.

Нигериялық алаяқтар сот шешімімен 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылған еді. Түрмеде тігіс тігуді меңгеріп, қазақ тілін үйреніп үлгіріпті. Темір тордан үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын бостандыққа шартты түрде шыққан.

Ақмарал Тасболатова, әлеуметтік оңалту орталығының қызметкері: «Екеуінің де тәртібі жақсы, ортамен тіл табыса біледі. Ашық жарқын.  Қазір өз отаны, Нигерияда қалған жаза мерзімін өтеу үшін қажетті құжаттарды жинастыруға жәрдем беріп жатырмыз. Нигериядағы отбасымен телефон арқылы тілдесулеріне көмектестік. Екеуінің де отбасы, туыстары күтіп отыр».

 

 

 

 

 

Әлеуметтік оңалту орталығында нигериялықтар тек бір жыл ғана тұра алады. Қалған жеті ай қайда барып паналайтындықтарын өздері де білмейді. Сот процесі жүріп жатқан кездің өзінде екі нигериялық азамат өз отандарында жазасын өтеуді армандаған еді. Сол кезде оған рұқсат берілмеген.

Жанар Есенбекова