Шымкентте 13 жастағы бала ең үздік палаушы атанды

385

Қаламызда 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан «Қазақстан палауы» фестиваліне Шымкент қаласынан, Түркістан облысынан және көршілес елдерден 30-дан астам аспаз қатысып, палау әзірлеуден шеберліктерін көрсетті.

Биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында өтіп жатқан шараны Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы және Шымкент қалалық өзбек этномәдени орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Салтанатты шарада Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов көпшілік әр жылы асыға күтетін фестивалдің маңыздылығын айтып, халқымыз үшін қашанда береке-бірліктің басы саналатын дастарханның қасиетіне тоқталды.

«Біз үшін дастархан киелі ұғым, ол – берекенің басы. Ұлттық мәдениеттің өзегі болған осы қасиетті құрметтеу бағытында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын «Қазақ дастарханы», «Достық дастарханы» сынды жобаларды табысты іске асырып келеді. Ал, бүгінгі фестивалдің береке-бірлігімізді нығайтудағы орны бөлек. Ал, бірліктің қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды міндет», — деді М. Қалмұратов.

Сондай-ақ, іс-шарада қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Шалатай Мырзахметов, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахиржон Хакимбеков құттықтау сөз сөйлеп, достық пен татулықты насихат ететiн мұндай байқаулардың берерi мол екендiгiн алға тартты.

Фестивалде көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген қонақтар мен Шымкент қаласының тұрғындары «Махаббат», «Достық», «Бірлік» секілді палаудың 30-дан астам түрінен дәм татып, арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Бір емес, бірден 30 аспаздың қолынан дәм татқан қазылар алқасы жеңімпаздың есімін атады. Бірінші орынды 13 жастағы ең жас аспаз Бабамурат Абдурахманов жеңіп алды. Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.