Шымкенттің ең үздік аспазы анықталды

1257
№6 колледждің студенті Қуаныш Алтынбек -"Ең үздік аспазшы"

Шымкентте өңіріміздегі колледж оқушылары арасында «Ең үздік аспаз» облыстық байқауы өтті. Білім басқармасы ұйымдастырған іс-шараға қала-аудандардан барлығы 14 команда қатысты. Байқаудың шарттары бойынша қатысушы студенттер төрт кезеңнен тұратын сайыс барысында кәсіби, шығармашылық шеберліктерін және де техникалық қауіпсіздік бойынша білімдерін көрсетуі тиіс болатын. Ал олардың өнерін мамандардан жасақталған қазылар алқасы бағалады.

Шымкентте "Ең үздік аспазшы-2014" облыстық байқауы өтті

Айнагүл Аяханова, Мақтаарал ауданындағы №14 колледждің студенті:  «Маған тұздыққа қатысты ескерту жасалды. Алдағы уақытта ескеремін. Мен әзірбайжанның доламасын әзірлеген едім. Ағзаға жеңіл, пайдалы.»

Болашақ аспаздар таңдаған кәсіптерінің қыр-сырын осындай байқауларда шыңдайды дейді ұйымдастырушылар. Олар тағам пісіруді ғана емес, безендіруді және оны ұтымды ұсынуды үйренеді.

Лаура Жүніс, ОҚО білім басқармасының бас маманы: «Ең үздік аспаз» облыстық байқауы бес жылда ұйымдастырылып тұрады. Соңғы рет 2009 жылы өткен болатын. Бұл іс-шараның мақсаты – колледж студенттеріне таңдаған мамандықтарының қыр -сырын үйрету. Болашақ аспаздар тағамның құрамын, пайдасын білуі тиіс. Қатысушыларға асты пісіруге, безендіруге қатысты ескертулеріміз бен кеңестерімізді бердік.»

Шымкенттегі №6 колледждің студенттері құс етінен ағзаға пайдалы керемет тағам жасапты. Жастардың ынтасын дастархандағы тіл үйірер тағамдардан байқауға болады. Әсіресе ер балалардың шеберлігі көпшілікті тәнті етті.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=EJa3xY4ENHo[/youtube]

Қуаныш Налибаев, Леңгірдегі №8 колледждің студенті: «Мен болгар бұрышының ішіне ірімшік және көкөністі салып, пеште пісірдім. Бұл – жеңіл тағам және адамға пайдалы. Тез піседі. Алайда әділқазылар алқасы «Қатты пісіп кеткен, қоңыр түс тағамның көркін бұзып тұр» деп, ескерту жасады. Олар маған ірімшікпен безендірсем болгар бұрышым тіл үйірер болады деп кеңес берді. Алдағы уақытта солай дайындаймын.»

Қуанатыны сол – жастар ұлттық тағамдарға баса көңіл бөліпті. Түркістандық команда ата-бабамыз пайдаланып келген жент, талқан, сөк секілді құнарлы азық әзірлесе, мақтааралдықтар Наурыз көжесін дайындап, қонақтардың ризашылығына бөленді.

Осылайша «Ең үздік аспаз» облыстық байқаудың жеңімпазы да белгілі болды. Шымкент қаласындағы №6 колледждің студенті Қуаныш Алтынбек жүзден жүйрік атанып, бас жүлдені жеңіп алды.

 №6 колледждің студенті Қуаныш Алтынбек -"Ең үздік аспазшы"
№6 колледждің студенті Қуаныш Алтынбек – Ең үздік аспаз