Шымкентте тұмауға қарсы жаппай екпе егу басталды

554

Бүгін Шымкентте тұмауға қарсы жаппай екпе жұмыстары басталды. Профилактикалық жұмыстарды іске асыру үшін қалалық денсаулық сақтау басқармасы биыл Ресейде шығарылатын «Гриппол» екпесінің 106 мың 155 данасын сатып алған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл тегін вакцина алушылардың саны әлдеқайда көбейген.

Ұлболсын Ергешова бүгін тұмауға қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып қабылдады. 70-тен асқан зейнеткер жылда екпе салдыртып, жұқпалы аурудан қорғанатынын айтады. Екпенің арқасында он жылдан бері тұмау ауруына шалдықпаған әжей салауатты өмір салтын ұстануды да ұмытпаған.

Ұлболсын Ергешова, қала тұрғыны: «Вакцина мен үшін аурудың алдын алатын бірден-бір амал. Аурудың алдын алу үшін жылда вакцина салдыртамын.Сондай-ақ, жаттығу жасап, спортпен шұғылданамын».

Бүгіннен бастап қаладағы медициналық мекемелер жаппай егу жұмыстарына кірісіп кетті. Биыл 106 мың 155 шымкенттікке тұмауға қарсы вакцина тегін салынбақ. Оның ішінде тәртіп сақшылары, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен бір жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер және созылмалы аурумен есепте тұратын пациенттер бар.

Айта кетейік, тұмауға қарсы вакцинаны ақылы түрде жасата аласыз. Екпенің құны – 1600- 2800 теңгенің аралығында. Бұл үшін өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңызға қарасты емханаға бұрылсаңыз болғаны. Немесе қаламызда осы тұмауға қарсы иммундау мақсатында бір емес, 4 бірдей мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелерден жасақталған арнайы бекеттер жұмыс жасайды.

Жыл сайын елімізде халықтың 20 пайызы тұмаумен ауырады екен. Ал бұл ауру түрі асқынса, адамның миына, жүрегіне тигізер әсері бар. Сондықтан иммундық жүйені күшейткісі келген әрбір шымкенттік өзі тіркелген емханаға, кез-келген уақытта баруларына болады. Медицина мамандары тұмаудың бірден-бір емі – екпе деп отыр.

Лаура Нақыпқызы