Шымкенттің айналасындағы шағынаудандардың көркеюі үшін 20 жыл уақыт керек

350
Фото Азаттық радиосы

«Игілік», «Жаңаталап», «Қызылжар» және «Көкбұлақ» елді мекендері мен «Шапырашты» тұрғын алабы көркейеді. Ауылдарға инфрақұрылым тартылып, қос-қостан мектеп салынады. Қызыл сызықтағы ғимараттар сүріліп, бір типті үйлер салынады. Ең бастысы тұрғындар саны артып, қалалықтар қатарына қосылады. Бұл әзірге қағаз жүзіндегі жоба. Оны мамандармен бірге тұрғындар бірге талқылап, кем-кетігін түгендеді.

Егжей тегжейлі жасалған жоспар жүзеге асса бұл елді мекендер адам танымастай өзгереді. Инфрақұрылыммен қамтылып, заман көшіне ілеседі. Ол үшін 20 жыл керек. Айтуларынша қос-қостан мектеп пен балабақша салынады. Бұл «Қызылжар» елді мекені бойынша жасалған жоспардың қағаз жүзіндегі үлгісі.

Мамандар «Жоспар жасағанда шағынауданның ауызсу, жол және «қызыл сызық» мәселесіне баса ден қойдық» дейді .

Көпшілік тыңдауына келген тұрғындар мен өзге сала мамандары шағын аудандардағы жол мәселесіне алаңдаулы. Сөз алғандары жолдың ені тым тар екенін көтерді. Қоғамдық көліктердің жүріп тұруын айтпағанда, коммуналдық жүйелерді жүргізетін жер қалмаған. Ал стандарт бойынша көшенің ені кем дегенді 15-20 метрді құрауы тиіс дейді.

Сала мамандарының айтуынша, үш ауданнан қосылған 40-қа тарта елдімекеннің бәріне дерлік жоспар жасалып бітті. Бұл – сол елді мекендердің алдағы бірнеше жылға дамуын айқындайтын құжат. Жоба жасаушылардың айтуынша, құжат жүзеге асса, Шымкентке қосылған ағайын қалалықтар секілді өмір сүреді.

Нұрлан Күдерұлы