Ұлттық банк гауһар тас кіріктірілген «Көкбөрі» монетасын айналымға шығарды

628

Ұлттық Банк 28-қарашадан бастап, «Көкбөрі» коллекциялық монетасын айналымға шығарды, деп хабарлайды Хабар24.

Ведомство номиналы 5 000 және 500 теңгелік – күмістен, номиналы 200 және 100 теңгелік – мельхиор қоспасынан «Көкбөрі» коллекциялық монетасын шығарды. Ол «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» монеталар сериясына жатады. Көкбөрі (көк қасқыры) – ежелгі түріктердің нанымында басты тотемдік жануарлардың бірі.

Рух – баба, рух – қорғаушы, бүкіл әлемді басқаратын тәңір. Көшпенді халықтың наным-сенімінде қасқыр көк аспанмен байланысты барынша маңызды нышандардың бірі болып есептеледі.

Номиналы 5 000 және 500 теңгелік «Көкбөрі» монеталарының сипаттамасы: Монеталар алтындату технологиясын қолдана отырып, күмістен жасалған және гауһар қондырмасы бар. Монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелері бірдей. Монеталардың бет жағында (аверсінде) ұлттық ою-өрнектің қоршауында соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металды, оның сынамасын және массасын білдіретін жазба орналасқан. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазу бар. Монеталардың сырт жағында (реверсінде) гауһар қондырмасы бар қасқырдың басының натуралистік және трафареттік бейнесі бар композиция және «Көкбөрі» деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра сақтардың жануарлар стилінде дайындалған қасқырдың сұлбасы бар жалпақ жиек бейнеленген.

Номиналы 200 және 100 теңгелік «Көкбөрі» монеталарының сипаттамасы: Монеталар мельхиор қоспасынан дайындалған.

Номиналы 200 теңгелік монетада алтындату технологиясы қолданылған. Монеталардың бет жағында (аверсінде) ұлттық ою-өрнектің қоршауында соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазу бар. Монеталардың сырт жағында (реверсінде) қасқырдың басының натуралистік және трафареттік бейнесі бар композиция және «Көкбөрі» деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра сақтардың жануарлар стилінде орындалған қасқырдың сұлбасы бар жалпақ жиек бейнеленген.