Úı ANONS Ұлттық банк 2 000 және 10 000 теңгелік купюраларды кезең-кезеңімен ауыстыруда

Ұлттық банк 2 000 және 10 000 теңгелік купюраларды кезең-кезеңімен ауыстыруда

Фото: altyn-orda.kz
Қазақстанда «Сақ стилі» атты жаңа серияны айналымға енгізу аясында банкноттарды кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы бір мезетте екі номинал — 2 000 және 10 000 теңгелік банкноттардың қатар айналыста жүру мерзімі аяқталады. Ұлттық банк азаматтарды банкноттарды айырбастауды кейінге қалдырмауға шақырады. Сонымен қатар, мерзім аяқталғаннан кейін де ескі купюраларды банктерде тағы үш жыл бойы айырбастауға болады.
МЕРЗІМ ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ?
2 000 теңгелік банкноттың айналыста жүру мерзімі 2026 жылғы 24 маусымда аяқталады. Ал 10 000 теңгелік банкноттың мерзімі 2026 жылғы 27 маусымда аяқталады. Сонымен қатар, Ұлттық банк 10 000 теңгелік купюраның айналыста жүру мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі бұл банкнот халық пен бизнес арасында ең көп қолданылатын номиналдардың бірі саналады. Ал екі номиналдың қатар айналымнан шығуы банк жүйесіне қосымша жүктеме түсіруі мүмкін.
ЕГЕР АЙЫРБАСТАП ҮЛГЕРМЕСЕҢІЗ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Айналыста жүру мерзімі аяқталғаннан кейін де ескі банкноттарды айырбастау мүмкіндігі сақталады. Барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі купюраларды тағы үш жыл бойы қабылдайды. Ал Ұлттық банктің филиалдары оларды мерзімсіз айырбастайды.
Белгіленген мерзім аяқталғанға дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноттар Қазақстан аумағында тең дәрежедегі заңды төлем құралы болып саналады және міндетті түрде қабылдануға тиіс.