Ордабасылық оқушылар бағдарламалар жасап, робот құрастырады

646

«Балалар үшін тегін ІТ сыныптар» партиялық бастамашыл жобасы аясында бүгін Ордабасы ауданындағы «Кәусар» мектеп гимназиясында алғашқы ІТ-сыныбы ашылды.

Балалардың қуанышына ортақтасқан «Нұр Отан» партиясы ТОФ төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева бұл игілікке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қол жеткізілгенін, мемлекет дамуының ендігі кезеңі «Цифрлы Қазақстан» жүйесімен жалғасатынын, ол үшін жастарға үлкен үміт артылатынын атап өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Аңсарбек Әбдіқұлов бұл сыныпты жабдықтауға 9 млн.-нан астам қаржы қаралғанын, бағдарламалау мен робототехниканы тереңдетіп үйрету үшін информатика пәнінің мұғалімі арнайы курстан өткенін жеткізді.

Бұл сыныпта күніне жалпы 48-60 бала Еуропалық білім беру стандарттары бойынша бағдарламалау және робототехника негіздерін оқыту, қарапайым алгоритмдерді, бағдарламаларды, WEB-сайттар, компьютерлік ойындар мен анимациялар құру дағдыларына үйрету жүзеге асырылады.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бостандық Жәкей, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева мектеп ұжымы мен оқушыларға сәттілік тілеп, елге тың жаңалықтармен танылуларына тілектестік білдірді.