Органдар тарифті заңсыз көтерген әрбір кәсіпорынды тексеретін болады

274
фото Казправда

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тарифті заңсыз көтерген монополистерді не күтіп тұрғаны туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең әуелі Қауіпсіздік кеңесі – бағыты ауқымды орган екенін айта кету керек. Оның құзыретіне тек қауіпсіздік мәселесі ғана емес, саяси және әлеуметтік тұрақтылық, азаматтардың құқығы мен еркіндігі істері де кіреді. Тарифтер туралы айтар болсақ, Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл мәселеге бекер тоқталған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген әлеуметтік өлшемдер жоғары тарифтер туралы сұрақтар біздің қоғамның ең өткір және көпті мазалайтын мәселелері екенін көрсетіп отыр», – дейді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, су мен электр энергиясының біздің елдегі бағалары едәуір демократиялық сипатқа ие.

«Алайда соңғы жылдары мемлекет монополистерге құлақ асып, барлық инфрақұрылымдарды жаңартуға мүмкіндік беру үшін тарифтерді көтеруді рұқсат еткен еді. Бірақ, адамдар ақшаны көп төлей бастағанымен, сапалы өзгерістер болды ма? Міне, бұл – Қауіпсіздік кеңесінде Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің бірі болды», – деді ведомство басшысы.

Дәурен Абаев өз сөзінде азаматтарды ең алдымен төлеп жатқан ақшаралары қайда кетіп жатқанын алаңдататын тілге тиек етті.

«Билік халықтың осы әлеуметтік көңіл-күйіне жауап берді. Президент монополистердің жұмысын тексеруде Бас прокуратураға салмақты карт-бланш берді. Әлбетте, барлық жағдайда 100 пайыз бұзушылықтар тіркелді деп айта алмаймыз. Шынында да, кейбір жағдайларда ақша расында жаңартуға, құрылғыларды сатып алуға жұмсалғаны белгілі. Сол себепті, органдар әрбір жеке кәсіпорынды тексеретін болады. Қандай жағдай болмасын барлық кінәлі адамдар жазасын алып, ал заңсыз шығындалған қаражат қайтарылып, мақсатты пайдалануға жұмсаларына сенімдімін», – деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап еткен болатын.