Педагогтар мәртебесі: Мұғалімдердің жүктемесін 18-ден 16 сағатқа азайту көзделуде

353
Фото inform.kz

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Педагогтар мәртебесі туралы заңда қандай мәселелер қамтылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«5 қазанда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің мәселесі кеңінен көтерілгенін білесіздер. Ең басты назар аударарлық жай – көптен бері біздің ұстаздарымыздың көкейінде жүрген мәселелер айтылды. Соның бірі – Педагогтардың мәртебесіне қатысты. Бұл ретте осы залда көптеген әріптестерімізді көріп отырмын. Ректорлар, директорлар он жыл бойы Педагогтардың мәртебесі туралы заңды қабылдайық деп, мәселені әр алқа мәжілісінде көтеріп жүрген болатын. Сондықтан, Елбасы осы заңды қабылдау туралы тапсырма берді», – деді Асхат Аймағамбетов

Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында. Вице-министр өз сөзінде аталмыш жаңалықтың жағымдылығын бірден байқағанын айтады.

«Барлық әлеуметтік желілерде бүгінгі күнге дейін осы мәселе талқыланып жатыр. Бұл шын мәнінде, білім саласын – тағы бір үлкен сатыға көтеретін сұрақтардың бірі. Бұл заңда педагогтардың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, керек емес тексеру комиссияларынан қорғау, тағы басқа мәселелерді көтеретін боламыз. Мен осы мінберді пайдалана отырып, сіздермен бірге осы заңды талқылауға қатысуларыңызды сұрағым келеді. 2 күн осында боласыздар. Бізге беретін ұсыныстарыңыз болса, өте риза болар едік. Қазір біз әлеуметтік желіде де, газет пен сайттар арқылы да ұсыныстарды жинап жатырмыз. Екі-үш айдан кейін тұжырымдаманы жасап, жан-жақты халықпен талқылап, Парламентке заң жобасын енгізетін боламыз», – деді Асхат Аймағамбетов.

Вице-министрдің айтуынша, аталмыш заң жобасында талқыланатын мәселелердің бірі – жүктемені азайту.

«Өздеріңіз білетіндей, ТМД елдерінің ішінде біз балаларға салынатын жүктемесі жағынан сөзсіз чемпионбыз. Мәселен, 11 сыныптарда – 39 сағат (…) Бұл өте көп. Әлбетте, 50-60 сағатқа дейін ұзартуға болар, бірақ бұл қадам сапаға қаншалықты әсер етеді. Міне, сондықтан, Мемлекет басшысы жүктемені азайту қажеттігін айтып отыр. Біз балалардың жүктемесін азайта отырып, мұғалімдердің сағаты, жүктемесі, айлығы мәселесін шешеміз. Аталмыш заң жобасы аясында педгогтардың жүктемесін де азайту көзделген. Қазір бір ставканың – 18 сағат екенін білесіздер. Біз оны 16 сағатқа азайтуды көздеудеміз», – деді вице-министр.

Еске сала кетсек, елордадағы Конгрес-орталықта «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өтіп жатыр.