Úı ANONS Көлік кептелісін азайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Көлік кептелісін азайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Қазір Шымкентте 470 мыңға жуық көлік тіркелген. Ал күн сайын тағы жүз мыңдай автокөлік қалаға кіріп-шығады екен. Мұндай қозғалыс мегаполистегі кептелісті күшейтетіні анық. Соған қарамастан, жауапты органдар мәселені жеңілдету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.

Д.Қонаев даңғылындағы жолайырық пайдалануға берілген соң, Шымкентте көлік кептелісі азайған. Мұны тиісті басқарма басшылары мәлімдеп отыр. Еске сала кетсек, бұл құрылыс төрт жыл бойы жүргізілді. Ауқымды жобаны іске асыру үшін бас-аяғы 104 нысан сүрілген. Оның басым бөлігі  көбінесе кәсіпкерлік орындар болса, қалғаны жеке үйлер.

ӨМІР ҚАЛЫБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұрын бұл жерде 2 жолақты болса, қазір 4 жолақты. Екі бағытта да 4 жолақты. Әрине бұл кептелістерді шешеді. Алдағы уақытта бұл жерде көліктерің ағыны жыл сайын өсуде. Бұл соған бағытталған жоба»

Бұл аумақтағы құрылыс бүгінде толық аяқталған. Қазір нысанды қабылдау шаралары жүргізіліп жатыр. Бүгін қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мұнда арнайы келіп, жұмыс барысымен танысты.

ШАЛАТАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: «Жаңадан салынған көпірге бірінші рет келіп таңқалып тұрған жағдай бар. Бұл жерді біз бұрыннан тұрғаннан кейін білеміз. Өте бір кептеліс болатын. Шымкенттен Ташкентке қарай шығатын жолдың. Енді ол кептелістердің барлығы саябырситын сияқты»

Айта кетейік, қазір Д. Қонаев даңғылының 5-ші кезеңіндегі жұмыстар жүріп жатыр. Бадам өзенінің маңайындағы құрылыстың бүгінде 60 пайызы аяқталған. Жоспар бойынша бұл бөліктегі жұмыстар келер жылы толық аяқталуы керек.

Лаура Бабас