Сүйікті дәрігермен селфи жасаңыз!

498

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сүйікті дәрігермен жасалған үздік селфиға байқау жариялады. Сайыстың аты айтып тұрғындай, кез келген азамат өзіне сапалы медициналық көмек көрсете білген маманды таңдап, суретке түсуі керек. 

Тақырыпқа толығырақ ойыссақ, сүйікті дәрігеріңізбен селфи жасап үлгеріңіз және оны Денсаулық сақтау министрілгі жариялаған конкурсқа жіберіңіз. Бұл байқауға еліміздің әрбір тұрғыны қатыса алады.

 

Гүлайна Мамырова бүгін ауруханаға дәрігерге тексерілуге емес, селфи жасауға әдейі келіпті. Ерекше конкурс жарияланғанын естіген ол өзіне дер кезінде көмек көрсетіп, емдеген дәрігерге алғысын білдірігісі келеді. Бойжеткен осыдан 3 ай бұрын науқастанып, жедел жәрдеммен ауруханаға түседі. Сол кезде оны дертінен дәрігер-хирург Санат Сейітжанұлы емдеген.

Гүлайна Мамырова, қала тұрғыны: «Кезінде осы ауруханаға ауыр халде келгенмін. Жеке клиникалардың бірінде тісімді емдетемін деп жүріп, ауруымды асқындырып алдым. Сол кезде Санат есімді дәрігер жағдайым ауыр болғандықтан, шұғыл түрде медициналық көмек көрсетіп, денсаулығымды жақсартты. Енді осы конкурсқа қатысып, сүйікті дәрігеріме деген құрметімді жеткізгім келеді».

«Менің сүйікті дәрігерім» селфи байқауына тек суретке түсу жеткіліксіз. Оған қатысу үшін сүйікті дәрігеріңізбен селфи жасап, неге бұл дәрігерді таңдағаныңыз, оған не себеп болағын турасында қазақ немесе орыс тілінде эссе жазуыңыз міндетті. Оған қоса, суретіңізді zdrav_konkurs_2018@mail.ru электрондық поштасына жолдайсыз. Сондай-ақ, Facebook әлеуметтік желісіндегі аккаунтына #Menińdárigerim #Мойдоктор хештэгімен орналастыруыңыз керек. Министрліктің жауаптылары, бұл жоба — дәрігердің мәртебесін, имиджін көтеруге себін тигізеді деп сенеді.

Айта өтейік, конкурс бойынша ұсыныстар мен суреттер 10-желтоқсанға дейін қабылданады. Ал, байқау қорытындысы бойынша анықталған 3 жеңімпаз бағалы сыйлықтарға ие болады. Ендеше, іске сәт!