Шымкенттік шенеуніктер жұмыс уақыты аяқталса да жиналыс өткізеді

319

Жұмыс жүктемесінің көптігінен шымкенттік шенеуніктер де, қызметкерлер де кешкі уақытта жұмыс істеуге мәжбүр.

Жұмыс уақыты аяқталса да қызмет орындарында болған кемшілікті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қаланың Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері анықтаған.

Бұл жайт, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қызметкерлерімен қатар, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен әр мемлекеттік органның әдеп жөніндегі уәкілдерінің қатысуымен жүргізілген рейдтік іс-шара барысында анықталған.

Рейд жүргізуге Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілер арасында жүргізілген сауалнама негіз болды.

Анығырақ айтқанда, ағымдағы жылдың 5 қараша күні жүргізілген шара барысында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында сағат 20:15-те басқарма басшысы өзінің жұмыс кабинетінде басқарма қызметшілерінің қатысуымен жиналыс өткізіп жатқандығы анықталды.

Дәл осындай жағдай Шымкент қаласының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасында және Еңбек испекциясы басқармасында, сонымен бірге, Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында да қызметкерлері сағат 20:00-де толықтай жұмыс орнында болу фактісі орын алған.

Ал, 2018 жылғы 6 қарашада Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің Абай ауданы бойынша басқармасында Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілінің қатысуымен рейд жүргізіліп, сағат 19:44-те (жұмыс уақыты сағат 18:30-де аяқталады) басқарманың бас маманы өзінің бір сағаттан астам жүктеме жұмыс жасауының себебін жұмыс ауқымдылығының көптігінен деп түсіндірген.

Осылайша, Елбасының мемлекеттік қызметшілер белгіленген мерзімнен тыс уақытта жұмыс жасамауға тиіс деген тапсырмасы жоғарыда көрсетілген мемлекеттік органдарда тиісінше орындалмауда.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен және уәкілдермен бірігіп жүргізілген рейдтік іс-шараларда анықталған жайттар бойынша нақты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік орган басшыларымен жоғарғы тұрған орган басшыларына ұсыныстар енгізілетін болады.

Осы тұрғыдағы жұмыстар Департаментпен тұрақты түрде жүргізілетін болады.