Шымкентте жұмыс орнындағы қауіпсіздік тағы да өзекті мәселеге айналды. Жыл басынан бері 6 жазатайым оқиға тіркеліп, жұмысшылар ауыр жарақат алған. Бұған кім кінәлі? Жұмыс беруші ме, әлде жұмысшының өзі ме? Ал зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіледі?
Жыл басынан бері Шымкентте еңбек қызметіне байланысты жұмыс уақытында 6 жазатайым оқиға тіркелді. Үш адам биіктен құлаған, екі адам қолын қысып алған, бір адам жол-көлік оқиғасына түскен. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті барлық оқиғаның мән-жайы егжей-тегжейлі анықталғанын хабарлады.
ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Анықтау барысында біздің көзіміздің жеткені жұмыс беруші тараптан да, жұмыскердің тарапынан да абайсыздыққа, еңбек қауіпсіздік талаптарын сақтамауға жол берілген. 6 жазатайым оқиғада жұмыскерлерге ауыр дене жарақаты келді. Бұл ресми медициналық қорытындымен рәсімделген қорытындылар».
Жеңіс Мақұлбаевтың айтуынша, әсіресе биіктен құлаған үш адам ауыр жарақат алған. Жалпы еңбек жағдайында жарақат алғанда жұмыс беруші тарапынан қандай көмек беріледі? Басшының сөзінше, Еңбек кодексінің талабына сәйкес жұмыс беруші өз еңбеккерін сақтандыруы керек. Мұндайға шартқа сай тиісті төлемдер төленеді. 6 оқиғаға қатысты инспекция тергеп-тексеруді аяқтаған.
ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАШЫСЫ: «Енді кінәлі тараптың кінәлілік деңгейі, дәрежесі оны құқық қорғау органдарының жұмысының нәтижесінде шығарылады. Процестік шешім қабылдануы керек қой. Қаншалықты жұмыс беруші жол берді? Талаптар сақталмады? Болмаса жұмысшының өзі абайсыздыққа жол беріп отыр? Тиісті қорытынды жасалынғаннан соң бірінші ерікті төлем жасалады, егер одан жалтару фактісі немесе тиісінше төленбейтін жағдайлар болса оны сот тәртібімен бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге болады. Еңбек қатынастары саласында заңбұзушылықтар жоқ деп айта алмаймыз. Өкінішке орай жол беріліп келе жатыр. Оның бірнеше себептері де бар. Салдарлары болса да болады».
Ресми мәлімет бойынша, еңбек келісімшартын жасамайтындар бар. Бұл – заңбұзушылық. Біріншіден, бұл жұмыс берушінің қасақана әрекеті болуы ықтимал. Өйткені шарт жасалған кезде белгілі бір міндеттемелер алынады. Оның ішінде жазатайым оқиғалар кезінде төленетін төлемдер де көрсетіледі. Соңғы ақпарат бойынша, қалада 3517 адам еңбек келісімшартын жасамағаны анықталған. Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте жұмыс уақытында 19 адам жарақат алып, тоғызы қайтыс болған.
Дилара Иса






