Түркістан облысында сотталғандарды бақылауға алмаған басшы жұмыстан қуылды

419
inform.kz

Түркістан облысында сотталғандарды бақылауға алмаған пробация қызметінің бастығы қызметінен босатылды. Бөлімнің тағы 6 инспекторы әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Мақтарал аудандық пробация бөлімінің қызметкерлері қылмыстық-атқару заңнамалары нормаларын бұзып келген. Қоғамдық жұмыстарға жегілген 25 сотталушыға бақылау жасамай, 6 сотталушы заңда көрсетілген мерзімнен кеш есепке алынған. Осылайша профилактикалық жұмыстар тиісті денгейде жүргізілмеу салдарынан 10 сотталушы қылмысты қайта жасаған. 12 сотталушы әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген.

«Қайта қылмыс жасағандарға қатысты басқа жаза түрлеріне ауыстыру жұмысы жүргізілмеген. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған 20 жасөспірімге  сотқа дейінгі тиісті шаралар қолданылмаған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасы Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің бастығына ұсыныс хат жолданған болатын» делінген хабарламада.