Запашныйлар әулетінің циркі алғаш рет – Шымкентте

442

Цирк өнерінің хас шебері, Ресей Федерациясының Халық әртісі Мстислав Запашный қаламызға алғаш рет гастрольдік сапармен келді. Әртіс миллион халқы бар шымкенттіктерге арнайы жаңа бағдарламасын ұсынуда.

Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге асыққан жерлестеріміз таңданыстарын жасырмады. Ауқымды бағдарлама балалардың да, ересектердің де көңілінен шықты.

Ресейлік Запашныйлар ұсынған шоу бағдарламаны қалалықтар асыға күтті. Сондықтан болса керек, алғашқы күннен-ақ «Шымкент цирк» аренасының залы лық толып, ине шаншар орын болмады. Ерекше ойын-сауық шоуын көруге балалар ғана емес, ересектер де көптеп жиналған. Алған әсерлері де ерекше екенін бірден байқадық.

Цирк әлеміндегі түрлі жанрларды қамтыған шоуда сайқымазақтар, жонглерлер, әуе гимнастары мен акробаттардың трюктерін, сондай-ақ сирек кездесетін иттер мен жылқы тұқымдастардың қойылымдарын тамашалай аласыз. Одан қала берді, мұнда қолға әбден жаттыққан жолбарыс және аю да өнер көрсетеді.

Мстислав Запашный, бағдарламаның директоры, қоюшы-режиссёрі: » Мен бұл бағдарламаны 3 жыл бұрын құрғанмын. Бұл қойылымдармен бүкіл Ресейде гастрольдік сапармен аралап шықтық. Ендігі осы мегаполиске айналған Шымкент шаһарында ұсынудамыз. Шоу-бағдарламамызға 50 артист жұмылдырылған. Сондай-ақ, 13 жолбарыс, 4 аю, 3 ат, түрлі тұқымдағы 18 ит пен қортық пинчерді алып келіп отырмыз. Бағдарламамызда цирк өнеріндегі сіз көрмеген біраз жаңалықтар болады. Сондықтан әр қойылымға келуге шақырамыз!»

Ерекше акустика, лазерлік жарық және түтіндеткіш инсталяциялармен бас айналдырар қойылымдардың бәрі осында. Айта өтейік, Запашныйлар әулеті Ресейдің цирк өнерінде көшбасшы саналады. Сондай-ақ, әлемдік цирк алаңдарындағы үздіктердің қатарында.

Арман Алиев, «Шымкент цирк» мекемесінің директоры: «Әрине, мұндай сәт енді бұдан кейін 20 жылдан кейін бола ма, әлде 30 жылдан кейін бола ма, оны бір Алла біледі. Сол үшін мүмкін болса, келіп тамашалап, көріп қалу керек. Өйткені, керемет думан әлемдік деңгейдегі цирктік қойылым. Оның үстіне Мстислав Запашный ол үлкен династияның өкілі. Олардың цирк тарихында еңбек етіп жүргендеріне биыл 135 жыл толды. Соның қарсаңында біздің қалаға қонаққа келіп отыр».

Айта өтейік, 2 – қараша күні басталған ерекше думанды бағдарлама бір ай бойына жалғасады. Запашыйлар әулеті әр жұма, сенбі, жексенбі күндері «Шымкент цирк» ғимаратында сіздерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Сондықтан билет алуға асығыңыздар!

Айя Мүтәлі