Жүрек ақауы бар балаларға тегін ота жасалды

520

Шымкенттік дәрігерлер кішкентай қандастарымыздың өміріне араша түсті. Жүрек ақауымен ауыратын ағалы-інілі науқастарға ота жасалды. Өзбекстаннан көшіп келген олар қазір ауруханада жатыр.

Бұл науқастарға ота осыдан бірнеше жыл бұрын жасалуы тиіс екен. Алайда, Өзбекстанда операцияны іске асыруға мүмкіндік болмаған. Біріне жасайтын маман болмаса, енді бірі отаның шығынын емделуші тарап көтеруі тиіс болыпты. Жергілікті кардиохирургтардың біліктілігінен хабардар болған анасы ұлдарының денсаулығы үшін дереу осында көшіп келген.

Алтынай Турсуматова, анасы: «Осыдан екі-үш жыл бұрын барғанымда, маман жоқ деді, екіншісінде дәрі-дәрмектерді өзім алдымен сатып алуым қажеттігін айтты. Мұнда барлығы тегін».

Дәрігерлер бірнеше күн бұрын жүрек ақауына шалдыққан қос науқасқа ота жасайды. 2-3 жаста операцияға алынуы тиіс 14 жасар жеткіншекті Чехияның мықты мамандарының өзі емдеуге жүрексініпті. Алайда шымкенттік кардиохирургтер екі отаны сәтті жасап, науқастарды палатаға шығарған.

Алмат Байсалов, бөлім меңгерушісі: «Кіші науқастың операциясы жеңіл өтті. Екіншісінің отасы да сәтті болды. Бірер күн өз бақылауымызда болады, кейін үлеріне шығарамыз».

Осылайша жылдар бойы ана жүрегін ауыртқан балалардың денсаулығы бері
қарап келеді. Оралман мәртебесін алған науқастардың ем-шараларына кеткен қаражат толықтай мемлекеттің есебінен іске асырылды. Бүгінде көптеген елдерде қыруар қаражатқа ақылы түрде жасалатын бұл оталарға біздің елде үкіметтен арнайы қаржы қаралған.

Мақпал Рысбаева