Қазақстанда мәйіттік донор күрт азайды

321
Фото inform.kz

Ақтөбе медицина орталығында мәйіттік донорды дамыту жайы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда мәйіттік донор азайды. Ал бір адам 5-8 адамның өмірін құтқара алады. Жүрегі мен өкпесі, бүйрегі, бауыры, көзі де қажетке жарайды. Трансплантолог Жақсылық Досқалиев Ақтөбеге сапары кезінде тек ресми жиын, семинарда ғана емес, отбасылық басқосуда да мәйіттік донорды талқылаған дұрыс деп санайды.

«Мәйіттік донорды дамытуға біріншіден инфекция, екіншіден қоғамдық сана кері әсерін тигізіп тұр. Біз тек үлкен конференция, жиындарда ғана емес, отбасылық басқосуларда да мәйіттік донордың тиімділігін айтуымыз керек. Заң бойынша адам донор боламын немесе болмаймын деп қолхат жазып кете алады. Ал ешқандай қолхат болмаса, дәрігерлер рұқсатсыз адамның ағзасын алуға құқылы. Дегенмен біз 18 миллион халықпыз, бір-бірімізді танимыз, білеміз. Сондықтан келісім жасап, ағзаны алып жүрміз. Адамдардың ренжігенін де қаламаймыз», – деді трансплантолог Жақсылық Досқалиев.

Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының филиалы әр өңірде бар. Барлық мәлімет ортақ базаға жинақталып, іздеу жүреді. Егер мәйіттік донор тіркелсе, дереу зерттеу жүргізіліп, сай келетін ағзаға хабар беріледі. Мәселен, 2017 жылы еліміз бойынша 24 мәйіттік донор тіркелді, биыл 9-ы ғана сай келді.

Өткен жылы Қазақстанда жалпы 208 бүйрек, 63 бауыр ауыстыру отасы жасалды. Еліміз бойынша 11 жүрек трансплантацияланды. Жүрек ауыстыру отасының бәрі Астанада жасалды.

«Өткен жылы 295 науқасқа ағза ауыстыру отасы жасалды. 2017 жылы 24, биыл 9 мәйіттік донор бойынша ағзалары алынды. Мәйіттік ағзаны беру Солтүстік Қазақстанда жақсы дамыған. Кейін Алматы мен Астана, Қостанай келе жатыр. Ағза 18-62 жас аралығындағы адамдардан алынады. Мәселен, Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында 60 науқас көз жұмды. Оның тек үшеуі мәйіттік донор болды. Ал биыл бар болғаны 2 мәйіттік донор тіркелді», – деді Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директоры Серік Жарықов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жұқпалы дерті, созылмалы ауруы бар адамдардың да ағзасын пайдалануға рұқсат сұралды. Яғни, мәйіттік донорды тиімді пайдаланып, жұқпалы ауруларды емдеу жолын қарастыру ұсынылды. «Ағза жеткізуге арналған аппараттар Қазақстанда бар. Бауыр, бүйрек мұздатылған күйінде жеткізілсе, жүрек пен өкпені 24 сағат сақтауға арналған бір реттік контейнер пайдаланылады. Бір контейнердің құны – 5 миллион теңге. Жүрек соғуын тоқтатпай, сол күйі Астанадағы орталықта ауыстырылады. Әзірге кадр тапшылығынан өзге өңірлерде жүрек ауыстыру мүмкін болмай тұр», – деді Серік Жарықов.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, Ақтөбе облысында 120 адам бүйрек, 37 адам бауыр ауыстыру отасын күтіп отыр. Келер жылы өңірде трансплантация орталығында HLA-зертханасы іске қосылады. Трансплантация орталығы ашылған кезде 6 маман Беларусь елінде, 5 маман Түркияда білімін жетілдірді. Сонымен қатар, 13 маман Оңтүстік Кореяда трансплантацияның қыр-сырын үйренді.