«Алаш туы астында» деректі фильмі Түркияда көрсетіледі

783

«Алаш туы астында» деректі фильмі Түркия Республикасының Анкара қаласында түрік тілінде көрсетіледі.

Айта кетсек, жуырда ғана ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен министрліктің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе түсірген ұлт-азаттық Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін «Алаш туы астында» атты деректі фильмінің тұсаукесері өткен болатын.

«Алаш туы астында» фильмі үш бөлімнен тұрады. «Оян, қазақ!» атты алғашқы бөлімде Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, жәдидтік ағым мен батыс мәдениетінің ықпалы, қазақ баспасөзінің бастаулары, Дума жұмысына араласу, 1916 жылғы көтеріліске көзқарас мәселелерінің түйткілді тұстары айтылады.

Екінші бөлім «Жарияланбаған автономия» деп аталады. Бұл бөлімде 1917-1920 жылдардағы Алашорда үкіметінің қызметі тереңінен қамтылған. Алаш қайраткерлері неге тәуелсіздікті емес, неге автономияны таңдады? Алаш әскері қалай жасақталды? Алаш автономиясы жарияланды ма, жоқ па? Ә.Бөкейхан мен М.Шоқай Уфадағы Мемлекеттік мәжілісте ұлт-азаттық күрес мүддесін қалай қорғады? Екінші бөлім осы сипаттағы сауалдарға жауап іздейді.

«Қатерлі өткел» деп аталатын үшінші бөлім – 1920 жылғы қазақ шекарасын анықтаумен басталатын Алаш қайраткерлерінің Кеңестік дәуірдегі күресіне арналған. Бұл бөлімде Голо¬щекин¬нің қырғыны, Сталиндік репрессия жылдарындағы Алаш тағдыры нақты деректермен көрсетіледі.