Балқашта мерекенің құрметіне төрт метрлік торт пісірілді

951

Қарағанды облысы Балқаш қаласында Тұңғыш Президент күніне орай салмағы 40 келіден асатын төрт метрлік торт пісірілді деп хабарлайды NUR.KZ.

Торт Тұңғыш Президент күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін кондитерлердің байқауына арнайы пісірілген. Ал 40 келілік бұл тәттіні қала тұрғындары Мағауи Хамзин атындағы Мәдениет сарайынан тамашалауға мүмкіндік алыпты. Аталған тортты Зәмзәгүл Майлыбаева есімді кондитер бастаған «Анечка» кулинариясы даярлаған екен.

«Торт арнайы байқау үшін пісірілген. Оны даярлау үшін біз 200 жұмыртқа мен 10 келі қант, 10 келі ұн мен 25 келі крем пайдаландық. Біз тортта өз туымызды, Ақорданы, Бәйтерек пен кітапты көрсеттік. Ал торт бисквитті және креммен дайындалған», -деді идея авторлары.Байқауда төрт метрлік торттан бөлек тағы екі тәтті қойылған. Осы орайда Балқаш колледжі қызметінің өкілдері салмағы 30 келіден асатын, кемпірқосақтың барлық түстері қосылған торт ұсыныпты. Ал оның дәмін қуырылған грек жаңғақтары кіргізген екен.

«Бұл тортты дайындауға үш күніміз кетті. Біз бүркітті тәуелсіздік белгісі ретінде, күнді бірлік, ұлттық оюды мәдениетіміз бен дәстүріміз ретінде көрсеттік. Сондай-ақ, көпұлтты мемлекет болған соң ұлттық киімдегі екі қыздың бейнесін қостық», – деді колледж өкілі Айгүл Бейсембекова.

Ал үшінші торт «Рухани жаңғыру» стилінде дайындалған. Бір күнде пісірлілген екі жарым келілік торт «Рухани жаңғыру» стилінде даярланған.

Кондитерлер байқауы Балқаш қалалық мәдениет пен тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылыпты.

Барлық тәттілер дәмді болғанымен әділ-қазылар жеңімпазды таңдаған. Олардың шешімімен бірінші орынды төрт метрлік торт иеленсе, екінші орынды Балқаш колледжінің торты, ал үшінші орынды «Рухани жаңғыру» тәттісі иеленіпті. Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар таратылған.