Шымкенттіктер ҚР Тұңғыш Президенті күнін тойлады

480

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін жерлестеріміз арқа-жарқа, салтанатты түрде атап өтті.

Айтулы жиынға қатысып, сөз бастаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындарды мемлекеттік мерекемен  құттықтап, ақжарма тілегін жолдады. Мейрамның маңызына да тоқталды. – Қазақ Елінің дамуы, бүгінгідей әлемдік аренаға көтерілуі, ел болып қалыптасуы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің таңы атқан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз күллі әлем танып, мойындаған еңселі мемлекетке айналды. Бұл жетістігіміз бен шыққан биігіміз – егемендігіміздің, бірлігіміз бен тұтастығымыздың беріктігін айғақтайтын айқын дәлел. Бүгінде Елбасы өзі қолдау танытқан «Болашақ» бағдарламасымен 12 мыңнан аса түлек оқуын бітіріп, елге аянбай еңбек етуде. Елімізде қазір «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары табысты жүзеге асуда. Тәуелсіз еліміздің барлық жетістіктері мен жеңістері Елбасымыздың сарабдал саясатымен, әр қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жүзеге асуда, – деді Ғ.Әбдірахымов.Салтанатты шарада шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосқан сала мамандарын марапаттады. Үздіктерге «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалін тапсырды. Құрметке бөленгендер қатарында 40 жылдық тәжірибесі бар білікті педагог Несібкүл Әлімтаева да бар.

Несібкүл Әлімтаева

Несібкүл Әлімтаева, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның мұғалімі: «Өте қуаныштымын. Педагогика саласындағы еңбегімді ескеріп, кеудеме медаль тақты. Ал мен бүгінге дейін талай шәкірт тәрбиеледім, оқыттым. Қуантарлығы – қазіргі уақытта сол оқушыларым мемлекеттік қызметтерде абыроймен жұмыс жасап жүр. Өзге де өндірістік салаларда да менің оқушыларым  жетістіктерге жетіп, үмітімді ақтап келеді. Бақытты Ұстазбын! Бастысы, Елбасымыз сияқты Ел жанашырларын оқытып, тәрбиелеп жүргеніммен мақтанамын!» Марапаттау рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнер шеберлері мен қазақ эстрадасының жұлдыздары Қайрат Байекенов пен «Формат» тобы Елбасының еселі ерен еңбегін әнге қосып, патриоттық шығармаларды орындады. Ал келген көпшілік өзара тілектерін айтып, мерекенің мерейін асырды.

Мөлдір Бекеева