«Отырар» телеарнасында жаңа келбет, жаңа жүргізушілер…

523

«Отырар» телеарнасында жаңа келбет, жаңа жүргізушілерді көптеп көріп қалсаңыз, таңқалмаңыз. Себебі тележүргізушілердің қатары толықпақ! Оған «Отырар» медиахолдингінде өткен бүгінгі кастинг себепші.

Кастингке 100-ге жуық қатысушы келіп, бағын сынады. Оқ бойы оза шапқандар да, орта жолда қалғандар да бар. Сонымен, кастинг қалай өтті?

Күндізгі сағат 11-ден бастап «Отырар» телеарнасының ғимараты үміткерлерге лық толды. Барлығы – журналист, диктор, жүргізуші болуды армандап келген. Жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы болу жауапкершілікті талап ететінін сезінген қатысушылардың қобалжуы мен толғаныстары айтпаса да көрініп тұрды.

Үміткерлерге алдын ала дайындалған мәтін берілді. Талап бойынша оны қатысушылар комиссия және камера алдында дұрыс оқып беруі тиіс еді. Бұл кастингке келгендердің дауысын, дикциясын, әрі камерада қалай көрінетінін байқауға мүмкіндік берді.

Қосымша қойылған сұрақтар да аз болған жоқ. Өзіне сенімді үміткерлер кастингтен сүрінбей өткендеріне сенімді. Көпшілік күткен кастинге орыс және қазақ тілді 100-ге жуық қатысушы келді.

Жаста шектеу болған жоқ- мектеп оқушысы, студенттер, жұмыс істеп жүрген жастар, тіпті жас толқыннан қалыспай, қабілетін дамытуға келген орта жастағы азаматтар да болды. «Жас мөлшері – басты көрсеткіш емес» дейді ол.

Әдемі дауыс, әсем келбет журналист болу үшін жеткіліксіз. «Отырар» медиахолдингінің директоры Әйгерім Жұмағұлова мен арнаның бас редакторы Зәуре Оралбаева бастаған бақылаушылар осылай дейді. Жанқиярлықпен жұмыс істеуге деген құлшыныс, талап-талпыныс болуы міндетті. Қатысушылардың басым бөлігінен осы қасиеттерді байқаған бақылаушылар үміткерлердің деңгейі жоғары деген баға беріп отыр.

Кастинг өтті. Енді комиссия қабілеттілерді саралайды. Ал ең үздіктері тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Ендеше жақын арада жаңа мамандардың жұмысымен таныс боласыздар. Ол үшін «Отырар» әрбір шаңырақта қосулы болсын!

Әлия Әділбек