Жаңа жылға тартудан монополистерде шет қалмады. Бүгін тарифтердің төмендегенін айтып, сүйінші сұрады. 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, коммуналдық қызметтің барлық түрі арзандайтынын жеткізді. Нәтижесінде шымкенттіктер қыруар қаржыны үнемдейтін болды.
Тарифті төмендетуге келгенде жылу берушілер жомарттық танытыпты. Жеке тұтынушылар үшін тариф құнын 18,91 пайызға, ал заңды тұлғаларға 10 пайызға арзандатты. Бірақ, әкімдікпен келіссөз жүргізіп,бюджеттік мекемелердің төлемін өзгеріссіз қалдырған. Сондай-ақ, «Су ресурстары маркетинг” ЖШС-і ешкімді бөліп жармай, жеке және заңды тұлғалар үшін су бағасын 10 пайызға түсірді. Тарифті төмендетуде қаттылық танытқан көгілдір отын таратушылар болып тұр. Олар тариф құнын бар болғаны 5,8 пайызға ғана арзандатқан.
Дархан Қайыңбердиев: “ҚазТрансГаз» мекемесінің басшысы ауысты. Біз олармен бірнеше мәрте кездестік. Әлі де жұмыс жүргіземіз”.
Айтпақшы, тұтынған табиғи отын үшін заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелер ескіше есептеседі. Ал жарық 6,8 пайызға арзандады. Айта кету керек, бұл монополистке тұтынушылар тарапынан реніш көп, диференциалды бағаны қайта қарасын дейді.
Қала әкімдігінің мәліметіне сай, қатты тұрмыстық қалдық шығару құны 12 пайызға, лифт 10, ал КСК қызметі 11 пайызға дейін арзандапты. Осылайша шымкенттіктер коммуналдық қызмет бағасының арзандауы есебінен бір жылда 4 млрд. теңге үнемдейтіні анықталды.
Нұрлан Күдерұлы