Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен қолөнерінің бірі құрақ құрау. Астарында үлкен тәрбие жатқан өнер түрі әлі күнге ел санасынан өшкен жоқ. Соңғы жылдары халықтың қайта қызығушылығын оятып, күнделікті қолданысқа кеңінен ене бастады. Тіпті қолөнердің бұл түрін жеке бизнесіне айналдырғандар да бар. Солардың бірі – Эльмира Омарбекова. Әрбір құрақтың, әрбір ою-өрнектің, әрбір түстің қандай мағына беретінін білу үшін шебермен арнайы сұхбаттастық. Нәтижесінде күнделікті көріп, қолданып жүрген дүниеміздің түпкі мағынасына қанықтық.

Эльмира Омарбекова – Түлкібас ауданының тумасы. Он саусағынан өнер тамған тігінші қыздың кішкентайынан қолөнердің құрақ түріне аңсары ауған. Айтуынша әжесі мен анасы да құрақ құраудың шеберлері болыпты. 6-7 жасынан солардың көмекшісі болып жүрген ол 10 жасынан бастап, еңбекке араласа бастаған.

«Әрине, бірден құрақ құрап кеткен жоқпын. Алдымен үзілген түймені қадау, сырмасын жөндеу, жастық қабын тігу, сөгілген жерлерді көктеу сынды жұмыстарынан бастадым. Әжем мен анам білгендерін үйретуден жалыққан емес. Өзімнің де қызығушылығым күшті болғаны соншалық, құрақты көргенде ерекше күй кешетін едім. Шабытым ашылып, қиялыма неше түрлі құрақтың кескіндері келетін. Әжеме «мына түсті былай үйлестірсек дұрыс сияқты» деп өз пікірімді айтып жүретінмін. Осылайша үш жыл жақсы көмекші болдым. Содан кейін нақты құрақ құрап, өз алдыма көрпеше тіккен кезде 13 жаста едім. Ал 20 жасқа дейін бұл өнердің барлық қыр-сырын меңгердім. Сосын қорықпай тапсырыс қабылдай бас-тадым. Құрақ өнерін үйреніп, осы іспен айналысқалы бұл адамды төзімділікке, үнемділікке үйрететініне көзім жетті. Түрлі түстердің бір-бірімен үйлесім табуын түсіндім. Әсіресе нәзік жанды аруларымызды әдемілік пен әсемдікке, тазалық пен тиянақтылыққа жетелейді. Ең бастысы ой-өрісін кеңейтеді».

Құрақтың екі түрі

Иә, ес білгелі әжесі мен анасының өнеріне тәнті болып өскен шебер қыз өмірін тігіншілікпен байланыстырған. Құрақ құраудың қыр-сырын меңгеріп, бүгінде көптің көңілінен шығатын құрақ кестелерді нақышына келтіріп жасап жүрген Элмирадан құрақтың түрлерін де сұрап білдік.

«Құрақ екі түрге бөлінеді. Біріншісі жапсырма болса, екіншісі тігіске салынған құрақ. Жапсырма құрақ аты айтып тұрғандай, желіммен матаға жапсырады. Сондықтан да жақсы болмайды. Бірнеше жуғаннан кейін желімі ажырап кетеді. Ажырамаса да жуғаннан кейін алғашқыдай бірдей болып кеппейді. Өзінің формасын жоғалтады. Қазір көп адамдар арзан болған себепті осы жапсырма құрақты қолданады. Ал енді тігілген құрақты мен өзім ұнатамын. Бұл астарындағы қатты матаға жапсырылып тігілетіндіктен 20-30 жылға дейін қолдануға болады. Тігіс құраққа қолданатын мата да сапалы болады. Өйткені тігісті көтере алатындай маталар таңдап алынады. Сәйкесінше бағасы да қымбат жүреді. Құрақ көрпешелер ұзындығына қарай, еніне қарай, матаның қалыңдығы, сапасына қарай бағасы да әртүрлі болады».

Әр өңірдің өзіне тән құрағы бар

Халқымыздың қандай қолөнер түрінде болмасын, ою-өрнектер пайдаланылады. Соның ішінде құрақтан жасалған бұйымдарда да қолданған. Оның әрқайсының берер мағынасы да жоқ емес. Мұны құрақ кесте тігуді өз өмірінің мәніне айналдырған Эльмира жақсы біледі. Кезінде әжесінің айтқан әңгімелері санасында сайрап тұр.

«Құрақ кестелері, әсіресе біздің өңірімізде өте кеңінен қолданысқа ие. Қазақы жер болғандықтан оңтүстік жұрты күнделікті тұрмысында құрақ көрпешені қолданады. Оңтүстікте арқарлар көп өмір сүреді және қызғалдақтың отаны. Сондықтан да біздің өңірдің жұрты құрақ көрпешеге көбіне арқармүйіз, қошқармүйіз, қызғалдақ, сегізжапырақ, құслегі (тырнақша) сынды ою өрнектерді көп қолданады. Құслегі деген — өте майда құрақтардан құралады. Мұны көбінесе қыздың жасауына таңдайды. Өйткені, қыз деген жат жұрттық қой. Алысқа ұшып кетеді. Сондықтан «жолы ашық болып, әрқашан биікте жүрсін» деген ырыммен осы жасауындағы көрпешеге құс легі өрнегін сала отырып құрайды. Мына сегізжапырақ, қызғалдақ өрнектері де қыз баланың жасауына арналады. Құрақты мезгіліне сай да құрайды. Мысалы қыз баласы келін болар мезгілін жазда немес көктемде таңдаса, осы жоғарыда аталған ою-өрнекті келістіре отырып, түрлі маталардан құрап тігеді. Ал енді қошқармүйіз бен арқармүйіз өрнектері бейнеленіп, ірі құрақтардан құрау арқылы тігілген көрпешені қазақ ең сыйлы қонақтарының астына төсеген. Мәселен, құдаларының. Ал ұсақ құрақтардан құралған көрпеше әйел адамдардың астына төселген. Шығыс жақта ши құрақты көптеп қолданады. Бұл өте жіңішке матадан құралатын құрақ. Матаның жіңішкелігі бір жарым немесе екі сантиметрден аспайды. Құрақтың көзі осындай жіңішкеліктен құралады. Сондықтан да ши құрақ деп аталады. Бұл енді үлкен шыдамдылық пен еңбекті қажет ететін туынды. Ши құрақтан шатаспай әртүрлі ою-өрнек шығарудың өзі адамнан білімділікті талап етеді. Қорқынышсыз жасаған адамға әрі өте қызықты жұмыс. Сосын құрақ көрпешенің баспалы тәсілімен тігілген түрі де болады. Ол – тегіс матаның үстіне арнайы ойылып дайындалған құрақты төсеп сосын жіппен тігу әдісі. Құрақтың бұл түрі батыс өңірінде көп кездеседі».

Құрақ құраудың қиындығы


Осы тұста Эльмира бізге құрақ құраудың әйел затына тигізер пайдасын да айтып берді. «Біріншіден, қазақ әйелдерін ысырапшылдыққа жол бермеуге үйреткен дүние. Кезінде ата-бабаларымыз түрлі маталардың қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдесіне жаратқан. Әртүрлі үзінділерден түрлі киімдер жасаған. Құрақ кестенің шығу тарихы осында жатса керек. Әжем және анамнан көргенім: ол – бір киімді тіккен кезде неше түрлі кесінділері қалады ғой, содан және жыртыстардан әртүрлі маталардың қалдықтарынан сан алуан дүниелер жасап шығаратын. Сол кезде әжем әртүрлі маталар қиындысынан қалың маталарды бір бөлек, жұқа маталарды бір бөлек іріктеп алады. Одан кейін түр-түсіне қарай бөлектеп қояды. Осылайша іріктеу болғасын өзінің қиялына қарай құрастыратын. Сол кезде керемет дүние шығатын еді. Қазақ халқы құрақты «өте киелі» деп бағалауының себебі – «келген жаман көзден сақтайды» деп сенген. Мәселен баласы шетіней беретін ана нәрестесін қырық құрақтан жамалған көрпеге ораған. Яғни, ойлаңызшы. Қырық құрақтан құралу арқылы жасалған дүниеге кез келген адамның бірінші көзі түскен. Міне осыдан біз құрақты тек қана көрпешеге қолданбайтынын білуімізге болады. Мұны адамдар сүйеніп отыратын орындықтарына да қолданған. Және түс киіздерге де неше түрлі құрақтың бедерлерін жасаған. Ал отыратын орындықтарына адамдар көбінесе қыранның, аққудың суреттерін құрақтан құрастырып тіккен. Құрақты өте дұрыс әрі сәтті құраудың өзіндік қиындықтары көп. Бұны меңгере білген адам ғана жасайды. Кезінде қазақ әйелдерінің көбі осы өнер түріне икемі болған. Қазір екінің бірінің қолынан келмейді. Көп әйелдер түрлі матаны алып, оны құрастырып шығарудың не қиындығы бар деп ойлауы мүмкін әрине. Бірақ бұған да асқан шеберлік қажет. Ең бастысы адамның құраққа деген қабілеті болу керек. Кез келген заттың егесі болады. Ал құраққа кез келген адам отыра алмайды. Оған бұл өнер түріне жақындығы бар, үйлестіре алатын мына дүниеге ерекше туынды әкеле алатын адам ғана отырады».

Дегенмен шебер қазір жас келіндерден құрақ құрауға деген қызығушылығын байқап жүгенін айтады. Бұл оны қуантады да. Тек қазақ ұлтына ғана тән өнер түрін әрбір қазақ аруы білсе, артықтық етпейтінін де айтты.

«Ауылдағы жас келіндер келіп, үйренгісі келетінін айтып жүр. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын өнеріміз – ісмер қыздарымыз арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Сондықтан, үйренгісі келгендердің бетін қақпаймын. Барынша көмек қолымды созып жүремін».

Елбасына арналған 12 құрақ көрпеше

Эльмира шебер өзін осы салаға арнағалы біраз жетістіктерге жеткен. Көздің жауын аларлық туындылары көптің көңілінен шығып бизнесі де әжептәуір дамып келеді. Ал көпжылдық тәжірибесінде өзінің жұмысына өзі разы болған кездері көп-ақ. Соның бірін бізге айтып берді.

«Мен уақытысында Алматыдағы ұлттық қолөнер жұмыстарын шығаратын фирмада істедім. Сол кезде Президентіміз Алатауға демалатын болып, бізге 12 көрпешеге тапсырыс келді. Біз барлығына құс легі өрнегін үш мәрте қайтара келтіріп, ортасына омыртқа құрағын қойып, шексіздікке ұласу оюын шетіне келтірдік. Көп емес, үш ғана түс пайдаландық. Көк аспан түстес, сары және қызыл түстерді қолдандық. Көк түс – аспанның символы. Сары түс – білімділік пен даналықтың нышаны. Ал қызыл түс – өмірдің және от пен қанның белгісі. Осы түстер үйлесім тапқан туынды өте керемет шықты. Құрақтың сәтті құралғаны соншалық, көрген көздің жауын алады. Менің қолымнан әртүрлі матадан қалған қиындылардан шыққан заттар өте сәтті шығады. Бір құрақта гүлдің бейнесі, біреуінде геометриялық сызықтар болса, ендібірі бір түстес болса, соларды топтастырып, қиялыма ерік бере отырып жасаған құрақтарым көптің қызығушылығын оятып, өте бір сәтті шығады. Өзімнің көңілім де сондай жұмыстарыма толады. Бұл енді өте үлкен еңбекті қажет етеді. Тер төгіп жасалған дүние ешқашан ел көңілінен шықпай қоймайды. Жалпы ұлтымыздың құрақ құрау өнерінде сан алуан түстер қолданылады. Ал құрақ көрпешеге көбінесе жоғарыдағы айтқан үш түспен қатар жасыл және ақ түстері жиі қолданылады. Бұл жерде жасыл – жайқалған көктемнің белгісі болса, ақ түс – жоғары биіктіктің нышаны. Міне, ұлттық өнерімізде әрбір түстің айтары бар. Бұл да қазағымның жақсы ырымдары. Әр заттан жақсылық іздейтін халықпыз ғой».

құрақ құрау: Үйбикесіне кеңес

Құрақ құраудың қыр-сырын меңгерген шеберден бұл жұмыстың сапасын қалай анықтауға болатынын да сұрадық.

«Құрақты матаның сапасына қарай бағалайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, жапсырылған немесе тігілгеніне қарап та анықтауға да болады. Осы тұста мен үй жағдайында, өз бетінше кішігірім құрақ құрағысы келген үйбикелеріне әжемнің тәсілін ұсынғым келеді. Алдымен матаны жұқа және қалыңдығына қарай екіге бөліп, іріктеп алу керек. Сосын өзі ұнататын құрақ бейнесін қағаз бетіне салып алғаны артық етпейді. Көлемін де өлшеп жоспарлап алған дұрыс. Сосын түстеріне қарай бөліп, ары қарай өз қиялына сай орналас-тырып, матаның үстіне төсеп, еппен тігу керек. Тігуге ебі бар адам алып кетеді. Қыз-келіншектерге айтарым – үйіміздегі түрлі жиһаздарға масаты сияқты маталардан ерекше оюларды қолдана отырып, құрақ жасап, жапқыш жасаған дұрыс. Үйінде құрақ заты бар бала оның не екенін біліп өседі. Ұлттық құндылығымыз ұмытылмау деген осы. Баланың хабардар болуы. Өзіміздің төл мерекелерімізде осы құрақтан жасалған дүниелерді сыйлыққа беру әдетке айналса, қуанар едім. Өйткені бұл өте мағынасы кең. Барлық нәрсе біртіндеп құралып бір тұтас болады. Өте жақсы ырым».

Міне, құрақ құраудың мән-мағынасы терең-ақ. Эльмирамен әңгімелесу арқылы күнделікті тұрмыста қолданып жүрген құрақ көрпенің қадіріне жеттік. Түпкі мағынасын түсіндік. Пайда болу тарихымен қатар, ұрпаққа берер тәрбиесімен де таныстық.
Қадірменді оқырман, егер сіз халқымыздың әдет-ғұрып және салт-дәстүріне қатысты кез-келген тақырыпқа қатысты не білгіңіз келсе, бізге хабарласыңыз. Сіздің ой-пікіріңіз біз үшін маңызды.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №41, 10 қазан 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті