Қазақстанда жұмысқа қабылдауда адамның несие тарихы қаралатын болады

225

Қазақстандық жұмыс берушілер енді жұмысқа адам қабылдар алдында оның несие тарихын ескеретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Егер үміткер тұлғада төлем мерзімі өтіп кеткен несие бар болса, оны жұмысқа қабылдамауы мүмкін. Қазір мұндай тәжірибені ритейл нарығы — ірі гипермаркеттер пайдалана бастады. Әсіресе материалды жауапкершілік қарастырылған қызметтерге жұмыс берушілер тәртібі мығым, несие тарихы таза жұмыскерлерді алғысы келеді», — деді Бірінші несие бюросының төрайымы Әсем Нұралиева.

Оның айтуынша, несие тарихын тексеру жұмыскердің келісімімен жүзеге асады.

«Жұмыс беруші сіздің келісіміңізсіз несие тарихын тексере алмайды. Үміткер міндетті түрде хабардар етіледі. Олар ең алдымен екі факторға: төлем мерзімі өткен несиеге, несиесінің бар-жоғына мән беретін болады. Әрине, бұл факторлар жұмыс берушілердің еркінде. Егер жұмысшы жалақысы төмен, еңбек коэффициентіне сай емес жұмысқа орналасса, онда оны материалдық жауапкершілігі бар лауазымнан басқа позицияларға ауыстыруға болады», — деді ол.

Бірінші несие бюросының мәлімдеуінше, қазақстандықтардың 6 трлн теңге несиесі бар. Бизнесті кеңейту үшін қазақстандықтар 17,2 трлн теңге несие алған. Айта кетерлігі, елімізде төлем мерзімі өткен несие үлесі 14,1%-ға жеткен. Былтыр құны 1,9 трлн теңге болатын 6,6 млн несие берілген. Сондай-ақ, жалпы сомасы 600 млрд теңге 75 мың ипотекалық несие берілген.