Әлеуметтік сала бойынша көрсетілетін қызметтер оңтайландырылуда

522

Әлеуметтік сала бойынша көрсетілетін қызметтер оңтайландырылып келеді. Бүгін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары Абай ауданы тұрғындарымен кездесіп, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу тәртібін етене түсіндірді.

Салаға жауаптылар бүгінде 27 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықты алдын алу мақсатында бүгінде олардың барлығы да цифрлық жүйеге көшкен. Кей қызметтерді тіпті үйде отырып-ақ алуға болады дейді мамандар. Бұл шаралар азаматтардың уақытын үнемдеуге сеп болмақ. Мұндай кездесулер алдағы уақытта өзге де аудандарда жалғасын табады.

Майра Карибаева, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы: «Қазір біздегі қызметтер Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетіледі. Көшіп барған жаңа ғимаратта барлық жағдай жасалған. Мүгедектердің кеңес алуына да мүмкіндік қарастырылған. Бүгін жиналыстың мақсаты сол қызметтерді түсіндіру, сауалдарға жауап беру».

Басқарма жұмыссыздықпен күресте де мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Былтырғы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 400-ге жуық, жастар практикасына 2 мыңнан аса азамат жолданған болса, ақылы қоғамдық жұмыстарға мыңнан аса азамат жолданыпты. Биыл бағдарлама аясы кеңейе түспек.

Жақсылық Арыстанбекұлы, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 1 бағыты бойынша өзгеріс болады биыл. «Серпін» бағдарламасы негізінде оқыту қарастырылған. Жұмысынан қысқартылатын мамандарды қайта даярлаймыз. Солтүстікке көшу бойынша өтініштер қабылдаймыз. Біз релиздерді өзге өңірлерге жібереміз».

Бұдан бөлек былтыр 10 мыңнан аса отбасы атаулы әлеуметтік көмектің шарапатын көрген. Шартты ақшалай көмек 7 мыңнан аса, шартсыз ақшалай көмек 3 мыңнан аса отбасыға көрсетіліпті.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайы да мамандар назарында. Бір жыл ішінде 350 азаматқа мүгедектерге арналған оңалту орталығына жолдама берілген болса, 2 жарым мыңнан аса тұрғын сауықтыру орындарына жолдама алған.

Мақпал Рысбаева