Бала үйге сыймайды, жаз келгенде…

1065

Аз күннен кейін оқушылар жазғы демалысына шығады. Ата-ана баласының мектептен босайтын үш ай жазын қызық өткізуін қалайды. Баланың жаздағы бос уақытын тек ойын-сауық құрып, сайран салып өткізуіне жағдай жасамай, сонымен қатар тиімді әрі пайдалы іске жұмсауын қадағалау қажет. Өйткені, баланың өзгеруі, ой-өрісі кеңейіп, дүниені тани түсуі де осы жаз демалысында қарқынды жүреді. Мұндайда бала психологиясын ескеріп, жазғы демалысын ұйымдастыруда нені ескереміз?

Сонымен…

Баланы қайда жібереміз?

Бұл сауал баласы мектеп оқитын әр ата-ананы мазалайды. Мектептен босаған баланың бар уақытын ұйымдастыру қарбаласы басталуға жақын. Жоғары сынып оқушылары емтихан мен ҰБТ-ға дайындығын пысықтап, психологиялық тұрғыдан әзірленеді. Ал бастауыш және орта сынып оқитын оқушының ата-анасы баласын жазда қайда жіберерін білмей дал болады. Бәрі де бауыр еті баласының жазғы демалысын есте қаларлықтай өткізгенін қалайды. Әйткенмен, барлық ата-ананың бұған мүмкіндігі бола бермейді. Жұмыстан қолы босамайды, әлеуметтік шартжағдайы жетпейді және тағысын тағы, әйтеуір мәселе бітпейді. Салдарынан бала таң атқаннан қара кешке дейін теледидарға не ұялы телефонға шұқшиып, жазын өткізуге мәжбүр. Ара-арасында дала кезіп кететіндер де табылады. Мұның бала денсаулығына, психологиясына зияны үлкен. Сондықтан да психологтар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға мейлінше көңіл бөлуге кеңес береді.

Аружан Жұматай, оқушы:
«Жазғы демалысымды жақсы өткізгім келеді. Лагерге барсам деймін. Бірақ, бағасы қымбат. Сонымен 3 айдың екі аптасын нағашыларымның ауылында өткізсем, қалған уақытта үйде отырамын. Ініме қараймын. Кітап оқып, теледидар көремін».

«БАЛАНЫҢ ДА ПІКІРІН ЕСКЕРУ КЕРЕК»

Шымкент қалалық №5 емхананың психологы Гүлнәр Шаукенбаеваның айтуынша, жазғы демалысты жоспарламас бұрын баламен кеңесу қажет. Яғни, қалай және қайда демалғысы келетінін өзінен сұраған жөн. Психологтың сөзінше, бала демалысының ай-күні әртүрлі өтуі керек. Баланың үш ай бойына бір шаруамен айналысқаны дұрыс емес. Маман жазғы демалыста баланы оқу курс-тарына бермеуді ұсынады. Өйткені, 9 ай партаға байланып, білім алған баланың жүйкесіне салмақ түседі.

– Бала психологиясын түсіну оңай емес. Балалардың мінез-құлқы, ойлау қабілеті ересектерден ерекшеленеді. Бұған олардың темпераментін қосыңыз (холерик, меланхолик, флегматик, сангвиник). Темперамент туа пайда болады, оны өзгерту мүмкін емес. Ал мінез-құлық жүре келе қалыптасады. Сондықтан баланың мінез-құлқына мән берген жөн. Балаға ескерту жасауға болады, бірақ талап етуге болмайды. Көп жағдайда ата-аналар осындай қарапайым кеңестерге құлақ түрмейді. Олар балаға өз ойларын тыққыштайды. «Өзі қалай дұрыс» деп шешсе соны істейді, өзіне қолайлысын жасайды. Нәтижесінде, баланың психологиясы күрт өзгереді. Мұны «өтпелі кезең» («переходной возраст») деп қолды бір сілтеп қоя салатынымыз және бар. Бірақ мұның барлығы да бала мен ата-ана арасында тығыз қарым-қатынастың жоқтығынан орын алады,- дейді маман.
Мұндай жайсыз жағдай болмауы үшін ата-ана баласының ойын ескеруі қажет. Баламен жиі-жиі сөйлесіп, уақыт тауып, қыдырғаны жөн. Көпшілік шоғырланатын жерге, яғни, лагерге, қалауы бойынша үйірмелерге қатыстырғаны абзал.

Айгүл ЖОМАРТҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
«Жолдасым теміржолда істейді. Оған жұмысынан жазғы лагерге 1 жолдама тегін беріледі. Үлкен қызымыз Аружан сол арқылы жылда Көкшетауға демалуға барып тұрады. Әйтпесе, сатып алуға шамамыз жетпес еді. Отбасымыздың көпбалалы екенін ескеріп, бәлкім, білім бөліміндегілер тегін жолдама беріп қалатын шығар»

ТЕГІН ЖОЛДАМА КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

«Лагерге әркімнің-ақ бар таласы». Әсіресе, тегін жолдама болса, бәрі алғысы келеді. Бірақ тегін жолдама бар балаға бірдей берілмейді. Шымкент қалалық білім бөлімде аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 30 384 бала тіркеуде тұр. Бөлімнің таратқан мәліметінше, биыл сол балалардың 7241-іне қала сыртындағы демалыс лагерьлеріне тегін жолдама беріледі. Оларды «Арман» және «Ақсу» лагері қарсы алады. Ал баласы тізімге ілінбеген ата-ана перзентін ақылы лагерге жібере алады. Демек әрбір ата-ана баласын ақылы демалыс орындары мен лагерлерге өз қалауынша және қалтасына қарай жібереді. Мәселен, интернет мәліметтерінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын мекемелер көп екен. Қызметақысы әртүрлі. 50-70 мың теңгеге баланың он күндік демалысын ұйымдастыратындары да, күніне 3500-4000 теңге ақы сұрайтындары да жетерлік.
Әйткенмен, тегін лагерьге бара алмаған баласын ақылы лагерьге жіберуді көп ата-ананың қалтасы көтермейді. Сондайда бала таң атқаннан күн батқанға дейін ауланың шаңын шығарып ойнағаннан өзге амалы қалмайды. Тіпті күн ұзақ уақытын бос өткізіп, ата-анасы жұмыста болғанда, үйде қамалып отыратыны да бар. Кейбір ата-аналар баласын жазда ауылға, ата-әжесіне жіберуді құп көреді.

Гүлманат Сүлейменова, қала тұрғыны:
«Көпбалалы да, әлеуметтік аз қамтылған отбасыға да жатпаймыз. Сондықтан да, лагерге тегін жолдамадан дәмеленбейміз. Ал ақылы жолдама тым қымбат, оны қалтамыз көтермейді. «Тегін үйірмелер бар» дейді. Бірақ оған баламды алып баратын ешкім жоқ. Өзім де, жолдасым да жұмыстамыз. Сол себепті балам үш ай демалыста үйде отырады. Әрине, зерігетінін түсінемін. Іші пысады. Амал нешік. Тек, сенбі, жексенбі күндері ғана оған көңіл бөле аламын. Ен болмаса сол күндерді жақсы есте қалатындай етіп өткізуіне қолымнан келгенше тырысамын»

ЖАЗДА АПАМНЫҢ АУЫЛЫНА…

Ауылдың саф таза ауасы. Көк шөпте аунап-қунап ойнау. Бұған құрт-майды, айран-сүтті қосыңыз. Ата-әжесінің «айналайын» деп басынан сипағаны, ертегісін оқып, маңдайынан сүйетіні тағы бар. Мұның бәрі де баланың психологиясына оң әсер беретіні сөзсіз. Бала ауылда, ата-әжесінің жанында өзін еркін сезінеді. Ешкімнен қысылып, қымтырылмайды.

– Бала кішкентай кезінен бастап ата-әжесіне жақын болып өсуі керек. Кемпір- шал тәрбиелеген баланың, ең алдымен, тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже бүлдіршінмен үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрады. Қарттардың тәрбиесін көрген бала сөздің қадірін біледі. Орнымен сөйлеуді меңгереді. Екіншіден, немересін баласынан гөрі ыстық көретін ата-әжелер қарадомалақтарын бір елі жанынан тастамайды. Оларға бас-көз болады. Бұл дегеніміз — бала үшін алаңдауға негіз жоқ. Ол – қауіпсіз ортада. Сондай-ақ, бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Бұл оның тарихын біліп, халық ауыз әдебиетімен сусындауына септігін тигізеді. Мейірім мен адалдық та, үлкенге деген құрмет те көбіне ата-әжесінің тәрбиесін көрген ұл-қыздың бойынан табылады. Ибалылық пен имандылық та сол ортадан дариды,-дейді психологы Гүлнәр Шаукенбаева.
Осылайша Гүлнәр Тойлыбайқызы ауылдағы ата-әжесінінің бауырында өскен баланың зейінді, жан-жақты, болып өсетінін айтады. Бірақ маман ата-әжесінің жеке тәрбиесі балаға кейде теріс әсер ететінін де айтып қалды. Кейде бала «өзімшіл» болуып өсуі мүмкін екен.

ҮЙІРМЕЛЕР ДЕ БАР

Қалалық білім бөлімінің мамандары оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізуі үшін мектеп жанынан лагерлер ашылатынын хабарлады. Бұдан бөлек балалар көркейту-көгалдандыру, құрылыс-жөндеу бригадаларына, клубтар мен үйірмелерге, экскурсия мен туристік саяхатқа, көшпелі және шатырлық лагерьлерге тартылады.
— Мектеп жанынан ашылатын демалыс алаңдарына 40 мыңға жуық оқушыны тарту жоспарда бар. Бұдан бөлек 1957 баланы аула клубтарына жаздырдық. Оқушылар сарайындағы 30-ға жуық үйірме де кестеге сай жұмыс істейді. Сондықтан кез келген уақытта ата-ана келіп, өз перзентін жаздыра алады. Үйірмелердің барлығы балаларды тегін қабылдайды,-дейді қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Текебаева
Айтпақшы, қалада 12 спорт мектебі бар. Сонда спорттың 44 түрінен ақысыз секция жұмыс істейді. Сондықтан да балаңыздың жас ерекшелігі мен қызығушылығын ескере отырып,спортқа баулуға болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №21, 23 мамыр 2018 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті