Базарларда «ЦОН» ашылды

579

Халыққа қызмет көрсету орталығы енді сауда орындарынан да табылады. Бұған дейін еліміздің ешбір қаласында болмаған бұл бастама Шымкентте тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат «Электронды үкімет» порталының тиімділігін көпшілікке түсіндіру. Насихат жұмыстары арқылы ұйымдастырушылар сыбайлас жемқорлықтың көзін жоймақ.

Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына келген Мадина Исабекова уақытының үнемделгеніне қуанышты. Өйткені ол қажетті құжатын жұмысынан алыс кетпей 5 минутта алып отыр. Негізі кейіпкеріміз құжатқа үйінен де қол жеткізе алады. Бірақ порталмен әзірге таныс емес. Осындай бұқараға беймәлім олқылықтардың орнын толтыру үшін орталық қызметкерлері «Қырғы базарына» арнайы келіп отыр.

Мадина Исабекова, қызмет алушы: «Маған бүгін мекенжай анықтамасы керек болды. Соны алысқа бармай, осы жерден алдым. Халыққа өте ыңғайлы. Тұтынушылардың көбісі осы базарда. Кейде бір құжат керек болып қалған кезде осында келеміз».

Жалпы бұл портал электронды түрде 509 қызмет түрін ұсынады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаның мақсаттары да бөлек. Басты принцип сыбайлас жемқорлықтың көзін жою. Мамандардың айтуынша қызмет алушы компьютер алдында бармақ басты, көз қысты әрекетке жол бермейді

Әли Көмекбаев, ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Қазіргі ең үлкен мәселенің бірі тұрмыстық коррупцияны төмендету. Қызмет алушы азамат пен қызмет берушіні жолықтырмау арқылы біз осы мәселені шешкіміз келіп отыр. Оның бір жолы элекронды түрде қызмет көрсету. Адам компьтердің алдында отырып, ешқайда бармай, үйден шықпай соны алса деген ой. Ол үшін үкімет те жұмыс жасап жатыр. Осыны дамыту мақсатында базарларда да жұмыс жасап жатырмыз».

«Электронды үкімет» порталымен таныстыру жұмыстары «Қырғы базардан» бөлек, тағы төрт сауда орнында да ашылған. «Айна» базарында да жаңашылдық іске асуда. 22 қаңтарда басталған насихат «Самал», «Бекжан» және «Авто нұр» сауда орталықтарында да жүргізілмек. Басты мақсат халыққа «өзіне-өзі қызмет көрсетудің» электронды үлгісін көрсету.

Назерке Үкібасова