Тәтті жеміс — қымбат ләззат. Әрине құлпынайдың бағасы халықты ойландыратыны рас. Ал, көкөністердің бағасы мен оған деген сұраныс қандай? Базар бағамы не дейді? Қала тұрғындары жергілікті өнімдерді тұтына ма?
Бұл, базардағы қайнаған тіршілік. Мұнда өмір бір сәтке де тоқтамайды. Өйткені, күнделікті дастархан көкөніссіз болмайды. Алсаң қалтадан қағыласың, алмасаң дәруменсіз қаласың. Сондықтан қала тұрғындары базар бағамы шарықтап тұрғанына қарамастан, қажеттісін алуға мәжбүр.
«Қазақстанда шыққан өзіміздің өнімді алып келе жатырмын. Ұнайды. Өте дәмді. Қызанақ, қияр, салат, үйге қажетті заттар. Бағасы да дұрыс. Бірақ арзандағаны жақсы ғой».
«Барлық қызанақ, қиярды жеп болмайсың. Әсіресе қызанақ сырты қызыл, іші сап-сары. Дәмі жоқ. Өзіміздікі келгенше, қонақ күту үшін амал жоқ бір-екі келі. Әлі ерте».
Мұнда жергілікті қызанақтың келісі 1000 теңгеден басталса, қиярдың бағасы 1200 теңгеден жоғары. Ал шетелден жеткізілген қияр мен қызанақтың құны бұдан да қымбат. 2000 теңгеден саудаланып жатыр. Сонымен қатар, баялды, көк пияз, ақжелкен, аскөк сынды көкеністерді де жергілікті шаруалар өсіріп жатыр. Сондықтан, бағасы да қолжетімді дейді кәсіпкерлер.
УМИДА АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ, САТУШЫ: «Қазір ештеңе шетелден келіп жатқан жоқ. Барлығы өзімізден Сарыағаштан шығып жатыр. Алқызыл помидор Ташкенттен. Бағдаршам болгар бұрышы шетелден келіп жатыр. Осы апта бағасы түсті. 100 теңгеге шамамен. Алдыңғы апта 1200-1300 теңгеден салған еді. Мына арзулар қымбат. Ташкенттен келеді. Кафеге шотырды алып жатыр. Үйге алатындар арзуды алып жатыр».
Қорыта айтқанда, үшінші мегаполисте көкөніс бағасы қымбат болғанымен, халық күнделікті қажеттілік үшін сатып алуды тоқтатпайды. Бірақ, жергілікті өнімдер қолжетімді нарықта болса деген үмітте.
Нұргүл Жолымбетова






