Еуразия Банкі таратылып кеткен Астана банкінің депозиттерін төлеуді бастады

284

«Еуразия Банкі» таратылып кеткен «Астана» банкінің депозиттерін төлеуді бастады. Алғашқы клиенттер өз жинақтарын ала бастады. Салымдарды үлестіру 26-шы маусымға дейін жалғасады. Осыған дейін республика бойынша 300 мыңға жуық салымшыға 37 миллиард теңгеден астам қаражат төленіпті.

«Еуразия Банкінің» облыстық бөлімдеріне сенбі күні келушілер әдеттегіден көп болды. Клиенттер мұнда таңғы сегізден келе бастады. Көпшілігі соттың шешімімен таратылған «Астана» банкінің салымшылары. Басшылық уәде еткендей, қаражатты үлестіруде еш қиындық жоқ. Бұл процесс жалғасып жатыр. Ақшаны алу үшін клиенттің жеке басын куәландыратын құжат қана талап етіледі. Қалғаны – тұтынушылар туралы мәліметпен жабдықталған компьютерлік бағдарламаның жұмысы.


Алғашқы күні бас-аяғы үш сағаттың ішінде банктің 300-дей клиенті жинақтарын алды. «Негізі, депозиттерді қайтару бірнеше әдіспен жүргізіледі», – дейді банк басшылығы.

Нұрбол Нұскабеков, «Еуразия банкі» АҚ филиал директоры: «Банк салымшылары қаражаттарын аз уақыт ішінде ала алады. Клиенттердің жаңа салым жасауға да мүмкіндігі бар. Қаражат ағымдағы шот арқылы да, карта арқылы да беріледі. Сондай-ақ, басқа банк арқылы да бұл операцияны орындауға болады».

Астана банкінің клиенттеріне депозитке салған ақшасын қайтару биылғы жылдың 26-маусымына дейін жалғасады. Еуразия банкі салымшылар үшін жұмыс күнін де ұзартып отыр. Қызметкерлердің жұмыс күндері таңғы сағат 9:00-ден, кешкі сағат 21:00-ге дейін жалғасады. Мақпал Рысбаева