Көшелер кеңейтіледі

269

А.Байтұрсынов көшесі Шымкент қаласындағы ең үздік көшелердің біріне айналуы керек! Қазірдің өзінде бұл көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қала әкімінің айтуынша, көшеде веложол да салынады. Сондай-ақ, қаладағы Адырбеков көшесін кеңейту көзделіп отыр. Мұнда соңғы жылдары көлік қозғалысы қиындап кеткен, соны реттеу күн тәртібінде тұр. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сенбі күні аталған көшелердің қазіргі жәйін көріп, кейбірінде басталған жұмыстарды көрді.

А. Байтұрсынов көшесі Шымкенттегі қоғамдық көлік пен жаяу жүргіншілердің көп жүретін көшелерінің бірі. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын дәл осы жерден өтетін, жол астындағы орталық жылу жүйелері жаңартылды. Соның барысында көшедегі асфальт жабындысы жарамсыз күйге түсіп, көпшіліктен түскен шағым көбейген еді.
Ұзындығы 3 шақырымнан астам жол енді қайта жөнделмек. Сөйтіп, жылдың соңына дейін қолданысқа берілмек. Қала әкімі көшенің қазіргі жәйін көрді. Құрылыс барысында тұрғындар үшін ыңғайсыздықтар туатыны даусыз. Ғабидолла Әбдірахымов уақытша келеңсіздіктер үшін алдын-ала көпшіліктен кешірім сұрап, шыдамдылық танытуға шақырды.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі: «Бұл қаладағы ең жақсы көше болады. Веложолдар салынады. Жаяу жүргіншілер үшін де барлық ыңғайлы жағдай жасаймыз”.

Екі бағытты Адырбеков көшесінде де жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл көше Алдияров көшесінен Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықты алып жатыр. Енді бұл тар көше де кеңейтілмекші. Оның ұзындығы төрт шақырымға жуық.
Көшенің ені енді 14 метрге дейін кеңейтіледі. Ол үшін, сала мамандарының айтуынша, көше бойында орналасқан 65 нысан бұзылуы керек. Сөйтіп, бұл көше толығымен 2020 жылы пайдалануға беріледі. Тағы бір ескеретін жағдай, құрылыс барысында көлік қозғалысы тоқтамайды.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша осы көшені кеңейтудың арқасында өзге көшелердегі көлік тығынын азайтылмақ.

“Мұнан басқа, мегаполисте көптен бері айтылып жүрген Қонаев даңғылын ұзарту және бірқатар жол айырықтарын салу да колға алынады”, дейді қала әкімі. Үшінші қала мәртебесіне ие болған Шымкенттің инфрақұрылымын реттеп, заманауи талаптарға сай ету — Президент жүктеген негізгі міндеттердің бірі.

Нұрлан Күдерұлы