Құмар ойындар ұйымдастырылған түзету мекемесінің экс-басшысына қатысты сот өтуде

736

Түрме басшысы түзету мекемесінде құмар ойындар бизнесінің гүлденуіне жол берген. Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта ҚР ҚК-нің 177-бап 3 бөлігінің «г» тармағы, 302-баптың 4-бөлігі «в» тармағы бойынша ИЧ 167/3 түзеу мекемесінің бұрынғы басшысы Айтжан Бәкіровтың ісі қаралуда.

Ол 2012 – 2014 аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ 167/3 мекемесінде басшылық лауазымды қызметте жүргенде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған деп айыпталуда. Прокурордың айтуынша, Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы келіп түскен оқ дәрілерді заң талабына сәйкес есептен шығаруын қадағаламай, осы мекемеде атыс дайындығына жауапты тұлғалардың оқ дәрілерді жымқыруына жол берген.

Одан бөлек, 2012-13 жыл аралығында Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан тұлғалармен трансұлттық қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру мақсатында ұйымдасқан түрде түзеу мекемесінде ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырған көрінеді. Ойын бизнесін ұйымдастыру үшін жасақтарды үй жай ретінде беріп, сотталған тұлғалар арасында заңсыз құмар ойындарынан түскен ақшалай ұтыстардан ірі мөлшерде табыс алып отырған.

Али Бағлан, прокурор: «Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 түзеу мекемесінде түрме қараушысы міндетін атқарған сотталған Қалыбаевпен ауызша келісімге келіп, оның көмекшілері түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қабылбаев, Зұлқашев, Әлімбеков, Мақсұмбековтер аталған түрмеде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Түзеу мекемесінде құмар ойын бизнесін жүргізу, заңсыз ойындарын ұйымдастырып, ол ұтыстардан түскен ақшалардың ұтысының 3 тен бір бөлігін ұрылар қазынасына деп Шымкент қаласында бостандықта жүрген таныстары арқылы жиналған 8 млн. теңгені Мәскеу қаласындағы трансұлттық қылмыстық қауымдастыққа қатысушы ретінде мүлік жинап, оны сақтаған, бөлген, қаржыландыру орындарын әзірлеген. Ол мекеме басшысы ретінде заңсыздықтар туралы Бас прокуратураға, ҰҚК -не хабарламаған және ынта білдірмеген».

Ал өз кезегінде айыпталушы тағылған айыптардың бірде біреуін мойындамайтынын жеткізді. Сотқа кейбір куәлердің келмеуінен және айыпталушының адвокатының сырқаттанып қалуына байланысты сот отырысы 20 ақпанға қалдырылды…

Бұл істің қалай бағыт алары белгісіз. Соңғы нүктені сот қояды.