Отырар ауданы жоғары көрсеткішке қол жеткізді

550

Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов аудан халқына 2018 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.

Есепті жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов қатысты.
Кездесуге келген көпшілік алдымен 2018 жылы ауданда атқарылған жемісті жұмыстарды арнайы дайындалған бейнесюжеті тамашалады. Тарих еншісіне қалған өткен жыл Отырар ауданы үшін жүйелі жұмыстар нәтижесі мен межелі міндеттердің артығымен орындалған жыл ретінде есте қалған.

Әлеуметтік, экономикалық даму мен туристік әлеуетті дамытуға бағытталған іргелі аймақ ретінде орны бар тарихи Отырар ауданында ауыл және малшаруашылық, кәсіпкерлік салаларында да көші ілгері.

Оған дәлел, ағын судың тапшылығына қарамастан аудандағы ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды қолдану арқылы мол өнім алынып, облыс бойынша ауылшаруашылық өнімінің көлемі бойынша алдыңғы үштіктен көрінсе, жүгері дақылдарының өнімділігін арттырудан бірінші орынға қол жеткізген. Ал, мал шаруашылығын дамытуда да түйе сүтін өндіруде бірінші орыннан көрінген.
Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемі артып, 2018 жылдың есепті мерзімінде негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 14 млрд 623 млн теңгені құраса, 2017 жылмен салыстырғанда 105,2 %-ға артқан.

Сондай-ақ, 2018 жылы ет экспорттау жұмысы алғаш рет қолға алынып, қой етін экспортқа шығару жоспары 259 тонна болса, бүгінгі таңда Иран мемлекетіне 272 тонна ет дайындалып, межелі жоспар 105 пайызға артығымен орындалған.
Аудан халқы үшін өткен жылдың тарихи оқиғасының бірі – газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынып, 34 елдімекеннің 22-не газдандыруға арналған жобалық сметалық құжаттар дайындалған.

Облыстық бюджет есебінен 6 елді мекенде жалпы құны 2 млрд 690 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары басталып, қарқынды жүргізілуде.

Соңғы жылдары Ұлылар Отаны атанған Отырардың білім саласында да оң өзгерістер байқалады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің 3 жылдық қорытындысы бойынша жылдан-жылға көрсеткіш деңгейі жоғарылап, өткен жылы облыста бірінші орыннан көрінген.
-«Абаттандыру жұмыстары аясында Арыстанбаб кесенесі және Отырар төбе қалашығының кіре беріс тұсында ауқымды істер атқарылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары биылғы жылы пайдалануға берілмек.

Сонымен бірге Отырар ауыл округінің орталығы Арыс ауылы, Шәуілдір ауылындағы Тоқтар Әубәкіров көшесі абаттандырылса, Мұхтар Әуезов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі», -деді аудан әкімі Ерлан Айтаханов.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында баса айтылған тарихи кезеңді бастан кешіп, ұрпақ алдында да тарих болып қаланған қасиетті жер мен мұраларды жаңғырту, насихаттау және Ұлы есімдерді ардақтау ісінде де толағай тірліктер атқарылуда.

2020 жылы әлемнің екінші ұстазы атанған, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толғалы отыр. Осы айтулы күнді жоғары деңгейде атап өту мақсатында, дайындық жұмыстары қазірден басталып кеткен. Сондай-ақ, Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері «Оқсыз» қалашығын абаттандыру жұмыстары да қолға алынса, Қоғам ауыл округінде «Арыстанбаб» кесенесінің аумағы мен «Отырар төбе» қалашығының аралығын қосатын 1,7 шақырым аралықта жол бойындағы сервистік орталық салу, демалыс аймағын жасау, абаттандыру және көгалдандыру жобасы дайындалуда.

Нұрсұлтан Әбішұлының ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы да аудан жастарын бей-жай қалдырмады.
-» Елбасымыздың жастарымыздың болашағына аса мән беріп, 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеп беруі жастарға үлкен серпініс берді.
Кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы жастарға көп көңіл бөлу қажеттігі жөнінде атап өтті. Елбасымыздың осы саясатын іске асыруды бастап кеттік. Аудан әкімдігі жанындағы жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысы өткізіліп, нақты мақсаттар қойылды. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар үшін аудандық бюджеттен қажетті қаржы қарастырылып, бөлінді.

Атап айтқанда:«7-20-25» бағдарламасы аясында жастарға пәтер беру, ауданға келген жас мамандарды жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз ету, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі-3,4 % болса, оны төмендету, әр ауыл округінен жұмыссыз жастардың тізімін анықтап, оларды жұмыспен қамту іс-шараларын дайындау, жастарды орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысу үшін бағдарламаға сәйкес тегін оқумен қамтамасыз ету, несиемен қамту жолдарын қарастыру және тағы да басқа шаралар атқарылуда»,-деді Ерлан Қуанышұлы.

Жиында көпшілік атынан сөз алған Мырзахмет Темірбеков, Кеңес Жұмашов, Шаяхмет Серікбаев, Бектан Батырқұловтар аудан әкімінің атқарған жұмыстарын «өте жақсы» деп бағалап, ақ баталарын берді.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нүкенов аудан әкімнің жұмысын оң бағалаған аудан халқына ризашылығын білдіріп, Ерлан Қуанышұлының жұмысына сенім білдірді.