Шымкенттіктер «Тазалық күнін» өткізді

522

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Шымкентте басталған апталықтың екінші күні – «Тазалық күнімен» жалғасын тапты.

«Қошқар ата» өзенінің бойында өткен жалпыхалықтық сенбілікке этномәдени бірлестіктердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен жастардан құралған жалпы 500-ге жуық адам қатысты. Бір сөзбен айтқанда, осынау игілікті шарадан шаһар тұрғындары шет қалмай қуана кірісті.

«Күн санап көркейіп келе жатқан қаламыздың таза, әдемі болуына және көркейуіне үлес қосу әр тұрғынның парызы деп санаймын. «Тазалық» күні аясында өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қолымызға тырма алып, көпшілік демалатын қасиетті орында тазалық жұмысын жүргіздік. Бірлесе сәндік ағаш көшеттерін отырғыздық. Бүгінгі шараның тазалықпен қатар халықты ынтымаққа үндейтін мән-маңызы зор екенін де ерекше айтқым келеді», – дейді сенбілікке қатысқан қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузаль Темирова.

Тазалық жұмыстары қаланың барлық аудандарында, тұрғын алаптарда, шағын аудандарда жүргізіліп, көктемдегі көгалдандыруға дайындық осы күннен басталды.
Айта кетейік, қаламызда жаңа сипатта әрі жаңа мазмұнда бастау алған апталық мерекелік шара ертең, 24 ақпанда «Көршіге ізет» күнімен жалғасын табатын болады.