Түркістанда 8 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр.
167 мың халқы бар Түркістан шаһарында бүгінде баспана кезегінде 2 160 бюджеттік сала қызметкерлері, 6 525 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, жалпы 8 685 адам тұр.
Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында былтыр «Отырар» шағынауданында 1536 пәтерлі 26 үйдің құрылысы басталған болатын.
Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаевтың айтуынша «биыл бірінші жарты жылдықта 11 үй, 9 үй екінші жарты жылдықта пайдалануға беріліп, кезектегі азаматтар баспаналы болады».
Сонымен қатар, 336 пәтерлі 6 көпқабатты үйді Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» басымдық берілген «7-20-25» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың ортасында пайдалануға беру жоспарланыпты.
Айта кететін жәйт, қаланың іргесінде «Түркістан-жаңа қала» тұрғын үй кешенінде де құрылыс қарқын алған. Мұнда бес қабатты 5280 пәтерлі 88 тұрғын үйдің құрылысы басталған.
«7-20-25» бағдарламасымен 2 үйді ақтөбелік компания, алматылықтар 5- үй, жергілікті құрылыс компаниясы 2 көпқабатты үйді салуды жоспарлап отыр.
Шынар Оразова