Тәуелсіз сарапшыларға басымдық берілуі тиіс

305
uzo.pavlodar.gov.kz

Меншік құқығы – еліміздің құқықтық жүйесінің тұғырлы саласы. Шымкент қалалық сотында өткен «дөңгелек үстелде» қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, жергілікті атқарушы органның, адвокаттар алқасының, прокуратураның өкілдері «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу» мәселелерін талқылады.

«Дөңгелек үстелдің» модераторы, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменов 2019 жылы «Қазақстан Респуликасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының күшіне енуіне байланысты жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алу мәселелері бойынша  оны қолдану практикасын қалыптастыру керектігіне тоқталды.

Жер дауларын уақытылы әрі дұрыс реттеу қоғамның саяси-әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін өзекті мәселе екенін айтты.

Қаратау аудандық сотының судьясы Жанат Мүсірәлі баяндамасында мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер телімдеріне қатысты дауларды қараудағы сот тәжірибесімен бөлісті. Жаңа заң бойынша жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін аларда азаматқа сол жер учаскесінің орнына баламалы жер учаскесін ұсынуы немесе нарықтық бағамен сатып алуы тиіс екенін баяндады.

Қалалық Жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының мемлекет мұқтажына қайтару бөлімінің басшысы Асқар Жумышиев заңның кейбір нормаларын қолдану практикасын түсіндіру үшін Әділет министрлігіне хат жолданғанын хабарлады.

Жиында жердің құнын анықтауға байланысты сұрақтар кеңінен талқыланды.

Шымкент қаласының адвокаттар алқасының мүшесі Фатима Сариева жердің нарықтық құнын анықтау мәселесі бойынша пікірімен бөлісіп, азаматтар тарапынан тәуелсіз сарапшыларға басымдық берілсе деген өтініштер жиі айтылатынын хабарлады.

Шымкент қалалық сотының судьясы Аида Чокморова сарапшылар жердің нарықтық құнын есептегенде сол жер учаскесінде егілген көп жылдық жеміс ағаштарын есепке қосу керектігі жөнінде айтты.

М.Пәрменов «дөңгелек үстел» жиынын қорытып, жергілікті атқарушы органдарға жерге қатысты дауларды болдырмау жолдарын қарастыруды ұсынып, жері алынуға жататын азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келмеуі керектігін және осы мақсатта жергілікті тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін қадап айтты.

Жанар Есенбекова