Төлеби ауданы әкімінің орынбасарын атып кеткендер сот залынан босатылды

341

Қылмыстық іске қатысы бар деген төрт азаматқа сот рақымшылық танытып, бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Сот үкімі бойынша қылмыстық іске қатысы бар Амалбаевқа бір жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалса, қалған үш айыпталушыға бір жарым жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілді.

Соттағы істі қараған Төле би аудандық сотының төрағасы мұндай шешімнің шығуына жәбірленуші тараптың кешірім беруі мен айыпталушылардың жастығы ескерілген дейді. Қылмыстық іс әуелі «адам өлтіруге оқталу» бабымен қозғалған. Кейін ол қайта өзгеріп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары «қару-жарақты заңсыз иемдену немесе алып жүру» бабы бойынша қайта жалғасты.

Тергеу мәліметтеріне көз салсақ, күдіктілер Рабиға Бейсебаеваға тапа тал түсте бас салған. Қаскөйлер бірінші шенеунік әйел мен оның жүргізушісін ұрып-соғып, кейін олар әл бермеген соң оқ атқан. Ақырында әкім орынбасары басынан жарақат алып, ауруханаға түскен еді. Күдіктілердің адвокаттарының айтуынша, Рабиға Бейсебаева ұсталғандардың бірінің шешесіне қомақты ақша бережақ болыпты.

Сот залынан босатылған айыпталушылар, белгілі уақытта үй қамақта болуы тиіс.

Лаура Нақыпқызы