«Тату отбасы» бағдарламасы жалғасуда

349

Қазіргі таңда зияткерлік мектептер жүйесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірге (United Nations Office on Drugs and Crime) «Тату отбасы» жобасын жүзеге асыруды қолға алып отыр.

Жоба жасөспірімдер тәртібіне әсер ететін отбасылық факторлар санын азайту мен олардың ата-аналарымен жақсы қарым-қатынас орнатуына жол ашып, көмектесу мақсатын негіздейді.

Осыған орай, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ұлыбританияның Оксфорд Брукс университетіне қарасты Денсаулық және әлеуметтік көмек мектебі құрастырған бағдарлама жалғасын тауып отыр. Жеті бөлімнен тұратын бұл іс-шараны әр аптаның сенбі күндері мектептің педагог –психологы Ж.М. Арынбаева мен педагог –ұйымдастырушы куратор Т.М. Абилова ұйымдастыруда.

Аталмыш семинарға 7 «L» сыныбының ата –аналары мен оқушылары белсене қатысуда. Әр өткізіліп жатқан шара үш бөлімнен тұрады: «Ата-ана», «Жастар» және «Отбасы». Іс-шара барысында ата-аналар мен оқушыларды бөліп екі мұғалім семинар жүргізеді. Ал ең соңғы «Отбасы» кезеңінде оларды біріктіріп, ойын түрінде түрлі жаттығулар жасалады.

«Тату отбасы» бағдарламасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің қамқорлығымен Қазақстанда алғаш рет 2016 жылы Павладар қаласындағы № 21 және №28 мектептерінде жүргізілген.

Бүгінгі таңда, бұл бағдарламаны әлемнің 35-тен астам мемлекеті өз тәжірибесінен өткізіп көрді. Сондай-ақ орыс, испан, португал тілдеріне аударылып та үлгерді.

Ал курс жұмысының тарихы ең алғаш АҚШ-та, Айова штатында сапалы зерттеулерден кейін өрлей бастады. Зерттеу жұмысының нәтижелері 2001 жылы Стокгольмде өткен Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Еуроодақтың мемлекеттік конференциясында жарияланған.