«Қара тізімге» ілігетін тамақтану орындарының қатары артуы мүмкін

288
Informburo.kz

Қалалықтар қораптағы палауын сүйіп жейтін тамақтану орны, «Vanil» кондитер үйі, «Жеті тандыр» кафесі мен ең қымбат «Атлас» түнгі клубы ешқандай құжатсыз жұмыс істеп келген. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті және оның аумақтық басқармалары таратқан қара тізімге бір күнде босамайтын «Ай-ғасыр», «Ақбастау», «Шұғыла», «Тату», «Теріскей» дәмхана-тойханалары да кірген. Бас аяғы қырыққа жуық тізімге іліккендердің нендей құжаты дұрыс емес? Шынымен тамақтану қауіпті ме?

Қоғамдық денсаулықсақтау департаментінің мамандары Шымкентте санитарлық талапты сақтамаған 38 тамақтану орнын анықтады. Олардың қатарында «Керемет», «Атлас», «Плов в коробочке», «Арнау» және «Тату» сынды дәмханалар бар. Қара тізмге енген бұл элиталы мейрамханалар рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген дейді мамандар.

Алмат Қосалиев, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары: «Тізімдегі 38 обектінің жұмыс істеуге рұқсат құжаты жоқ. Заң бойынша 50 орыннан төмен қоғамдық тамақтану обектілері жұмысын бастағаны туралы хабар беру керек. 50 орыннан жоғары болса санитарлық эпидемиялогиялық қорытындыны басқармадан алуы тиіс. БАҚ шыққан материалдан соң бізге кәсіпкерлер хабарласып жатыр. Бірақ бізге кәсіпкерлер әзірге жазбаша немесе электронды түрде өтініш білдірмеді».

Өздерін қара тізімнен көркен «Атлас» мейрамханасының өкілі мұндай шешіммен келіспейді. Тіпті, жұмысын бастаған бес жылдың ішінде бірде бір тексеру болмағанын алға тартты. «Барлық құжаты құнтталып, құзырлылардың талабын сақтап отырмыз» деген әкімшісі қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне келіп, наразылығын білдірді.

Диана Ыдырыс, «Атлас» мейрамханасының әкімшісі: «Рұқсат құжаттардың барлығы бар. Меніңше бұл үлкен қателік. Әр адам өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, бұл мәселе туындамайтын еді. Біз ешкіммен соттасқымыз келмейді. Тек қала тұрғындары және қонақтары үшін жұмыс істегіміз келеді. Бұл мәселенің мән жайын анықтау үшін бүгін СЭС мамандарына арнайы келіп, жағдайды анықтап жатырмыз».

Ал рұқсатсыз жұмыс істеген қоғамдық тамақтану орындарының тізімі бір ай бұрын кәсіпкерлер палатасына жолданған. Мұндағылардың айтуынша, қара тізімге іліккендермен жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Кәсіпкерлер палатасының өкілі «Бұл құжат санитарлық эпидемиялық қорытынды деп аталады. Қоғамдық тамақтанумен айналысатын кәсіпкерлер нысандардың санитарлық нормалары сақталған деген қорытынды алу керек. Кездесуде анықталғаны кейбір нысандар бұл құжаттарды алып жатырмыз, құжаттарды тапсырдық деп отыр» дейді.

Қалай болғанда да енді жауаптылар кәсіпкерлерге қажетті құжаттарды тағы да түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ санитарлар алдағы уақытта екі аудандағы қоғамдық тамақтану орындарынының рұқсат құжататрын түгендемек. Яғни, қара тізімнің саны артуы мүмкін деп отыр.

Лаура Нақыпқызы