Құрылысты қарқындата алмағандар – қара тізімде

Биыл Оңтүстік Қазақстанда 226 мың шаршы метрді құрайтын 80 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынбақ.
Биыл Оңтүстік Қазақстанда 226 мың шаршы метрді құрайтын 80 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынбақ.
Биыл Оңтүстік Қазақстанда 226 мың шаршы метрді құрайтын 80 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынбақ.

Еліміздің аймақ басшылары құрылысқа бөлінген қаржыны мүлдем игере алмаған. Шенділердің салақтығынан енді мыңдаған адам баспанасыз далада қаңғып қалмақ. Қаржыны игере алмағандардың «қара тізімін» Ақмола мен Маңғыстау облысы бастап тұр.

Бұл өңірдің басшылары жыл басынан бері тіпті құрылыстың жобасы мен жалпы шығыны туралы есепті де өткізбепті. Қостанай облысында да мемлекеттік байқаудың өту тәртібіне қаржы полициясы шүйлігіп, салдарынан жалға беріледі деп жоспарланған үйлердің құрылысы әлі күнге дейін тұралап тұр. Ал, Жамбыл облысындағы құрылыс алаңына мердігер мекеме тұрақтамайды екен. Өйткені, аталған аймақта құрылыс компанияларына төленетін ақы тым аз көрінеді. Енді жергілікті шенеуніктердің селқос қимылдауынан қазынаның қыруар қаржысы желге ұшпақ.

Ең сорақысы, далада қаңғып жүрген мыңдаған тұрғынға деп жоспарланған баспаналардың іргетасы да салынбаған. Өңірлік даму министрлігінің вице-министрі Қайырбек Өскенбаев биыл бюджеттен жалдамалы пәтерлердің құрылысына деп 27 миллиардтан астам теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның 12 миллиардтан астамы аймақтардың үлесінде. Ал, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге берілетін баспаналарға өңірлерге 30 млрд теңге қарастырылған. Өкінішке қарай, бірқатар облыстар мемлекет қаржысын тиімді игере алмай отыр. Бүгінге дейін жоспардың 18%-ы ғана орындалған. Ал «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында ОҚО-да 2020 жылға дейінгі арнайы жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, биыл республикалық бюджеттен өңірге тұрғын үй құрылысына 2 млрд теңге қарастырылған болса, жергілікті бюджет есебінен қосымша 10 млрд. теңге бөлініп отыр.

Соның нәтижесінде, биыл 226 мың шаршы метрді құрайтын 80 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынбақ. Бұдан бөлек құрылысы өткен жылдарда басталған 105 мың шаршы метрді құрайтын 28 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы айтқанда, бұл алдағы екі жылдың ішінде облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың жартысына жуығын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді немесе орташа есеппен 25-30 мың адам баспаналы болады деген сөз. Ал жыл соңына дейін бюджет есебінен 100 мың шаршы метрді құрайтын 45 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек жеке инвесторлардың және жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Айта кетейік, биылғы жылды облыс басшылығы«Баспана жылы» деп жариялады. Осының аясында үйге мұқтаж 14 мыңға жуық отбасының басым бөлігі баспанамен қамтамасыз етілмек.

Мақпал РЫСБАЕВА