«Ashyq Turkistan» — бұл жоба «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында, алғаш рет Бәйдібек ауданында енгізіліп отыр.
«Негізгі мақсаты – қоғам мен кері байланыс орнату, билік пен халықтың арасын жақындату»,-деген ұйымдастырушылар алғашқы қадамды жасап та үлгерді. Мәселен, бүгіннен бастап Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылдық округ әкімі Т.Дәрменбаев «Open Space» жобасы негізінде жоғарғы қабаттағы кең қызметтік бөлмесінен 1-қабатта орналасқан шағын, шыныдан жасалған кабинетке көшті. Және әрі қарай өз жұмысын осы ашық кабинетте жалғастыратын болды. Бұл ашық кабинетте қабылдау бөлмесі болмайды, дәлірегі кез — келген тұрғынның әкімге тікелей кіруге мүмкіндігі бар.
Осы және өзге де жасалып жатқан жүгенді жұмыстармен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев арнайы барып танысты. Әрі қарай Мыңбұлақ және Шаян ауылдық округтерінің қоғамдық қабылдауларына аудан әкімімен бірге бұрылып, тұрғындармен кездесті, және көкейтесті сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, аталған ауқымды жоба аясында әр айдың үшінші жұмасы күні облыстағы барлық ауылдық округ әкімдіктерінде қоғамдық қабылдаулар өтетін болады.
Мөлдір Бекеева